
Терең қаржы дағдарысына ұшыраған Nissan 20 мың жұмысшыны қысқартып, зауыттарын жабуға көшті. Сарапшылар жапон автокомпаниясы бәсекеге төтеп бере алмады деп есептейді. Дағдарыстан шығар жол бар ма?
Nissan көрсеткіштері төмен
Шамамен бір ғасыр бұрын құрылған компания ауыр кезеңді өткеріп жатыр. 2024 қаржы жылы оның әлемдегі саудасы 2,8%-ға төмендеді. Басқа да қаржы көрсеткіштері сын көтермейді. Соған байланысты жапон компаниясы қайта құрылымдау жоспарын жариялады. Енді ол зауыттарын жауып, 20 мың жұмысшыны қысқартуға мәжбүр. Себебі шығын өсіп барады. Nissan 2024 жылы 670,9 млрд иен (4,5 млрд доллар) шығынға ұшыраған.
Bloomberg мәліметінше, жапон компаниясы 2027 жылға қарай жеті кәсіпорынын жабуды көздеп отыр. Оның жылдық өндіріс қуаты былтырғы 3,5 миллионнан 2,5 миллионға дейін төмендеуі керек. Компания 2025 қаржы жылына болжам жасаудан бас тартты.
Дағдарысқа ұшырау себебі
Ширек ғасыр бұрын Nissan-ды ауыр дағдарыстан Renault француз автокомпаниясы алып шыққан. Кейінгі бірнеше жылда Nissan жапон автогиганты Honda Motor-мен біріккісі келді. Алайда биыл мұндай келісім сәтсіздікке ұшырап, Honda келіссөздерден шықты.
Он жыл бұрын ғана Nissan электромобиль саудасында көш бастап тұрған. Оның Leaf автокөлігі тұтынушы көңілінен шыққан. Алайда компания өнімдері уақыт өте келе ескіріп қалды. Tesla, BYD секілді гиганттар оны басып озды. Қазір оның кейінгі буынға жатқызуға болатын электромобилі мен гибриді жоқ. Сол себепті Қытай, АҚШ автогиганттарымен бәсекелесе алмайды деп түйіндеді агенттік.
Жаңа модельдерге қарағанда, Leaf электромобилінің қуаты ұзаққа жетпейді. Ал қазір BYD пен Tesla пайдаланатын қуаттау желісі осы салада стандартқа айналған. Мәселен, BYD электромобильді бес минутта қуаттап, оны жүздеген шақырымға жеткізе алады.
Nissan осы мәселені шешуге тырысып, аккумулятор өндірісін қолға алуға талпынған. Алайда биыл салынуы тиіс кәсіпорындар 2027 жылға қалып отыр.
Nissan дағдарыстан қалай шығады?
Honda мен Nissan арасындағы келіссөз сәтсіз аяқталған соң басқа да үміткерлерге есік ашылды. Солардың бірі – Hon Hai Precision Industry Co. Тайвань компаниясы смартфон шығарумен айналысады. Енді электромобиль өндіргісі бар. Hon Hai бұған дейін де жапон автокомпаниясына қызыққан. Ол Nissan үлесін сатып алғысы келетінін мәлімдеген.
2025 жылғы мамырда Nissan басшылығы жаңа альянс құру жолдарын қарастырып жатқанын жариялады. Ол тағы да дағдарыстан алып шығатын құтқарушы іздейді.