АҚШ Түркияға 304 млн долларға зымыран сатады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Түркия Құрама Штаттардан орта қашықтыққа ұшатын зымырандар сатып алады / фото: shutterstock
Түркия Құрама Штаттардан орта қашықтыққа ұшатын зымырандар сатып алады / фото: shutterstock

Құрама Штаттар Түркияға 304 млн долларға зымыран сатуға келісім берді. Анкара АҚШ-тан жүзден аса зымыран сұратқан. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.

15 мамыр күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио НАТО елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысу үшін Түркияға барды. Қару сату жөнінде келісім сол кезде жасалды. Рубио ертең Ыстанбұлға барып, Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге қатысуы мүмкін.

Түркия Құрама Штаттардан «әуе-әуе» санатына жататын, орта қашыққа ұшатын 53 зымыран, сонымен бірге 60 Block II зымыранын сұратып отыр. Қару саудасын RTX корпорациясы жүзеге асырады.

Агенттік мәліметінше, Түркия президенті Реджеп Ердоған АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартқысы келеді. Түркия Ресейден әуе қорғанысы жүйесін сатып алғаннан кейін, Анкара мен Вашингтон арасы күрт суыған. Оның үстіне Вашингтон Сириядағы күрд бүлікшілерін қолдап отыр. Түркия оны елге қауіпті деп есептейді.

Енді Түркия мен АҚШ күрд күштерін Сирияның жаңа армиясына интеграциялау жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.

Осы аптада Күрдістан жұмысшылар партиясы 40 жылға созылған күрестен кейін тарады. Сарапшылар оны тарихи қадамға балап, мұндай жағдай Анкараның аймақтағы держава атану ұмтылысын нығайтады деп санайды.

Сондай-ақ оқыңыз