Владимир Зеленский Түркияға ұшып барды (видео)

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Владимир Зеленский ұшақтан түскен сәтте журналистерге сұқбат берді / фото: REUTERS/Huseyin Hayatsever
Владимир Зеленский ұшақтан түскен сәтте журналистерге сұқбат берді / фото: REUTERS/Huseyin Hayatsever

Украина президенті Владимир Зеленский мінген ұшақ Түркия астанасы Анкараға қонды. Ол мұнда түрік президенті Реджеп Ердоғанмен кездеседі.

Зеленскийдің Анкараға ұшып барған сәтін Украина президентінің кеңсесі youtube арнасында тікелей эфирде таратты.

«Украина келіссөздерге дайын екенін растап, осында – Анкараға келді. Біздің делегация жоғары деңгейде құрылды. Құрамында сыртқы істер министрлігі, менің кеңсем, түрлі мекемелердің өкілдері бар. Біз әлемде бейбітшілік орнағанын қалаймын», – деп мәлімдеді ұшақтан түскеннен кейін журналистермен тілдескен украин президенті.

Оның айтуынша, Украина делегациясы Анкарадағы жұмысын президент Ердоғанмен кездесуден бастайды. Бұған қоса, Зеленский АҚШ-пен де байланыс ұстап отырғанын мәлімдеді.

«Біз әрі қарай не істейтінімізді, қадамымызды президент Ердоғанмен кездескеннен кейін шешеміз», – дейді Зеленский.

Ресей президенті Владимир Путиннің Түркиядағы келіссөздерге бармайтыны бір күн бұрын мәлім болған. Бірақ бүгін осы елге Ресей делегациясы жетті. Украина мен Ресей арасындағы жанжал бойынша келіссөздер Ыстанбұлда 15 мамырда түстен кейін басталады. Оның уақыты бірнеше мәрте өзгерген.

Мемлекеттік сапармен Азияда жүрген АҚШ президенті Дональд Трамп та Түркияға баруы мүмкін. Қазір Анкарада Құрама Штаттар мемлекеттік хатшысы Марко Рубио жүр. 15 мамырда Анкарада НАТО елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз