
Адам миы да, жасанды интеллект те ақпаратты өңдеумен айналысатын өте қуатты жүйеден тұрады. Бірақ екеуінің жұмыс істейтін тәсілі мен табиғаты ұқсағанымен, бірдей емес. Олай болса, қай жері ұқсайды, нендей айырмашылық бар — осы туралы айтайық. Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты талдап қана қоймай, жасанды интеллектінің әлі адам санасының деңгейіне жетуге қауқары неге жетпейді деген сұрақ төңірегінде ойтолғам жасаймыз.
Адамның миы қалай жұмыс істейді?
Адам миы өте күрделі биологиялық жүйеден құралады. Ол жерде сан мың нейрон мен нейрондар байланысы бар. Ми былай жұмыс істейді:
- Нейрондар мен синапстардан тұрады: Адам миында шамамен 86 миллиардтай нейрон болады екен. Олар синапстар арқылы бір-бірімен сигнал алмасады. Осы сигналдар түрлі ассоциация мен естеліктер жасай отырып, тізбек құрады.
- Ми өте икемді: Адам миы жаңа жағдайларға тез бейімделіп, дереу нейрон байланыстарын құра алады. Соның арқасында адамдар жаңа нәрсені үйренеді, оқиды, жарақаттан соң айығады, іс-әрекеті мен мінез-құлқын өзгертеді.
- Эмоция мен интуиция бар: Ми ақпаратты өңдеп қана қоймай, сезім, эмоция тудырып, интуитив жауап қата алады.
- Сана бар: Мида рефлекс жасай алатын, өзінің не үшін өмір сүріп жатқанын түсіне алатын сана болады.
Жасанды интеллект қалай жұмыс істейді?
Жасанды интеллектінің жұмыс тәсілі сәл басқаша. Ол да — жүйе. Бірақ ол алгоритмдер мен математикалық модельдер арқылы үйретіледі. Осылайша деректерге талдау жасап, тапсырмаларды орындай алады. Енді жасанды интеллектінің негізгі аспектілеріне келсек:
- Алгоритмдер мен нейрон желілерінен тұрады: Заманауи жасанды интеллектілер жасанды нейрон желілерінен тұрады. Олар биологиялық нейрондардың жұмысын имитация жасайды. Десек те, адам миына қарағанда жасанды интеллект сан деректер мен формулаларға ғана сүйенеді.
- Үйретіледі, оңтайландырылады: Жасанды интеллект деректерге анализ жасап, заңдылықтарды анықтау арқылы үйренеді. Үйретілгенде де оның бақылауда болатын (Supervised Learning), бақыланбайтын (Unsupervised Learning) және қолдау арқылы үйретілетін (Reinforcement Learning) деген түрлері болады.
- Интуициясы жоқ: Жасанды интеллект тек белгілі бір алгоритмдерге сүйенеді. Яғни интуитив жауап бермейді.
- Санасы жоқ: Қанша жерден неше түрлі мақтауға лайық болып жатса да, жасанды интеллектіде сана болмайды. Сондықтан ол өзін субъект деп көрмейді.
Ми мен ЖИ арасында қандай ұқсастықтар бар?
- Деректерді өңдейді: Ми да, жасанды интеллект те белгілі бір құрылымдарды, яки нейрондар мен нейрон желілерін пайдалана отырып, ақпаратты анализдей алады.
- Оқиды, үйренеді: Екеуі де деректер арқылы үйреніп, жаңа тапсырмаға қарай бейімделе алады.
- Паттерндерді таниды, біледі: Ми да ЖИ секілді заңдылықтарды тауып, соған қарай болжам жасауға бейім.
- Шешім қабылдай алады: Жасанды интеллект те адам миы сияқты өңделген ақпараттарға сүйене отырып, соның ішіндегі ең сәйкес келетін нұсқаны таңдайды.
Басты айырмашылық сол — органика vs. алгоритм
- Физиологиясы мен табиғаты екі түрлі: Адам миы — химиялық және электр процестері бар биологиялық құрылым. Ал жасанды интеллект — математикалық модельдерге сүйеніп жұмыс істейтін бағдарламалық жасақтама.
- Эмоция мен санаға қатысты: Ми сезім, эмоция, сана тудыра алады. Ал жасанды интеллект бұлай жасай алмайды.
- Бейімделуге қатысты қасиеттері: Ми аяқ-асты болған өзгеріске байланысты өзгеріп, жаңа нейрон байланыстарын қалыптастыра алады. Ал жасанды интеллект болса, тек оған белгіленген және үйретілген алгоритмдер бойынша ғана әрекет етеді.
Болашақта бұл екеуінің симбиозын көреміз бе әлде бәсекеге түсе ме?
Кейінгі кезде жасанды интеллект адам миының баламасына айнала ала ма деген сауал төңірегінде әңгіме жиі өрбіп жүр. Онысы орынды.
- Жасанды интеллектіге сана беріп, интуициясы бар қылып жасауға тырысып жатқандар бары рас. Дегенмен ол күнге жету үшін адам санасы мен оның механизмін әлдеқайда терең зерттеп, түсіну керек. Ал ол өте күрделі әрі қиын.
- «Алдағы уақытта не болуы мүмкін?» дегенде көбі симбиоз болады деп жауап береді. Яғни адамның когнитив қабілетін арттыру үшін миға жасанды интеллектіні интеграциялауы мүмкін. Мұндай бастама қазірден жасалып жатыр. Оған нейроинтерфейстер мен биохакиң дәлел бола алады.
Тобықтай түйін:
Ақпаратты қалай өңдейтіні, үйрену тәсілі өте ұқсас болғанымен, ми мен жасанды интеллектінің табиғаты екі түрлі. Ми — органика. Ал жасанды интеллект деректерге анализ жасай алатын, тапсырмаларды орындайтын, бірақ өздігімен санасы жоқ алгоритм жүйелерінен тұрады. Жасанды сана жасауға қатысты сауалдың әзірге нақты жауабы жоқ. Осы бағытта бүгінде көп зерттеу жасалып жатыр. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін «Алдағы бес жылда жасанды интеллект қандай мамандарды ығыстырып тастауы мүмкін?» де