Әскери жоғары оқу орындарына енді Egov порталы арқылы түсуге болады

Қазақстанның әскери жоғары оқу орындарына енді Egov порталы арқылы түсуге болады. Алдын ала медициналық тексеруден өтудің де қажеті жоқ.
Жүйе кіру шектеулерін (медициналық деректер, созылмалы аурулар және алынған инфекциялар) тексереді, сондай-ақ сотталғандықты тексеру сұранысын жібереді. Егер адам сотталмаған болса, жауап 10 минуттың ішінде келеді. Содан кейін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан арнайы тексеруден өту үшін сауалнаманы толтыру қажет.
«ҚР ҰҚК тексеру үшін № 075 нысанды анықтаманы алдын ала алу және өмірбаянын дайындау ұсынылады. Көптеген деректер (мекенжай, фотосурет, туыстық мәліметтер) мемлекеттік жүйелерден автоматты түрде жүктеледі, қалғанын қолмен қосуға болады», – делінген хабарламада.
Өтініш беру үшін:
1. eGov.kz порталында тіркеліп, «Азаматтарға» – «Әскери есепке алу және қауіпсіздік» – «Әскери қызмет» бөліміне өту;
2. «ҚР ҚМ әскери оқу орындарына кандидаттарды қабылдау» қызметін таңдап, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» түймесін басу;
3. Қажетті деректерді толтырып, өтінішке қол қою;
4. Нәтиже жеке кабинетте «Қызмет тарихы» бөлімінде қолжетімді болады.
Ұшқыш мамандықтары үшін куәландыруға дейін 30 күннен кешіктірмей алынған медициналық қорытынды талап етіледі. Нәтиже жеке кабинетке келеді. Қызмет мерзімі — 200 күнге дейін.
Аталған қызмет түрін Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, Цифрлық даму және Қорғаныс министрлігі бірлесіп әзірлеген.
Сондай-ақ, әскери оқу орындарының бұрынғы студенттері оқу орнына қайта қабылдау үшін eGov.kz порталында өтінім бере алады.