Temu пайдаланушылардың жеке деректерін сатқаны рас па

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Temu қосымшасы санкцияға ілінуі мүмкін бе
Temu жеке мәліметтерді заңсыз жинап, оларды үшінші тараптарға сатқаны рас па? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Temu маркетплейсін пайдаланушылар тағы да ұжымдық талап-арыз түсірді. Оларды компанияның жеке деректерді заңсыз жинап, үшінші тараптарға сатқандығы алаңдатып отыр.

Қытайлық алпауытқа кезекті сот соққысы

АҚШ-тың Potter Handy, LLP атты заң компаниясы PDD Holdings-ке тиесілі Temu маркетплейсіне қарсы кезекті ұжымдық талап-арызды дайындап жатыр. Пайдаланушылар маркетплейсті жеке мәліметтерді заңсыз жинап, оларды үшінші тараптарға сатты деп айыптауда. Талап-арызда Temu қосымшасының жарияланған құпиялылық пен деректерді қорғау стандарттарын бұзатыны айтылған.

Бұл Temu-ға қарсы АҚШ-тағы алғашқы шағым емес. 2023 жылы Иллинойс штаты мен басқа өңірлердің тұрғындары да осындай шағымдар түсірген. Ол кезде пайдаланушылар маркетплейсте алғашқы сатып алулардан кейін микронесиелік компаниялар мен онлайн-дүкендерден спам-хабарламалар ала бастағандарын мәлімдеген.

Маркетплейсте шпиондық бағдарлама бар ма?

Канададағы пайдаланушылар да осыған ұқсас талап-арыз әзірлеп жатыр. Бұған америкалық Grizzly Research компаниясының жүргізген зерттеуі түрткі болды. Зерттеуде Temu қосымшасының «агрессивті шпиондық бағдарлама» белгілері бар екені анықталған. Есепке сәйкес, қосымша иесінің рұқсатынсыз құпия ақпараттарды – контакт тізімдері, электрондық хаттар, хабарламалар және геолокацияны жинайды. Сарапшылардың айтуынша, қытайлық маркетплейс смартфонның микрофоны мен камерасын қашықтан іске қосып, саусақ іздері, бет сипаттамасы мен дауыс үлгілері сияқты биометриялық деректерге де қол жеткізе алады.

Temu бұл айыптаулармен келіспейді

Temu өкілдері барлық айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, деректерді өңдеу саясаты салалық стандарттарға толық сай және компанияның ресми құпиялылық саясатында нақты көрсетілген деп мәлімдеді. Компания сотта өз ұстанымын белсенді түрде қорғауға дайын екенін хабарлады.

Қазіргі уақытта аталған маркетплейске қарсы барлық ұжымдық талап-арыздар қаралуда, бірақ әзірге ешқандай түпкілікті шешім шыққан жоқ.

Еуропа жыл басында маркетплейске бақылауды күшейтетінін хабарлған болатын. Сарапшылар қауіпті немесе заңсыз тауарларды онлайн сатуы мүмкін деген күдікпен Еуроодақ ережелерін күшейтетінін мәлімдеді. 

Сондай-ақ оқыңыз