Volkswagen компаниясы Golf-тің электр нұсқасын шығармақ

Жарияланды 15 Мамыр 2025 14:54

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Golf R қуатты және толық жетекті жүйемен жабдықталады / Фото: econet.ru

Volkswagen компаниясының бас атқарушы директоры Томас Шефер Golf үлгісінің электрлік нұсқалары әзірленіп жатқанын ресми түрде мәлім етті. Бұған дейін бұл жайында тек қауесеттер айтылған болатын, енді алғашқы нақты мәліметтер пайда болды.

Хабарламада Volkswagen ID2 GTI электромобилі алдыңғы жетекті болатыны айтылған. Оның толық қуаты 322 ат күшіне дейін жетеді. Еске сала кетсек, ID2 сериясы — Golf негізінде жасалған концептуалды жоба. Бұл көлік 2026 жылдан ерте таныстырылмайды.

Электрлік Volkswagen Golf R одан да қуатты болады және толық жетекті жүйемен жабдықталады.

«Біз бұл көліктің қандай болатынын білеміз, тіпті виртуалды түрде оның салонында отыра аламыз. Платформаның және көліктің өлшемдері белгілі, дегенмен дизайнның соңғы бөлшектері әлі нақтыланбаған. Алдымызда әлі де көптеген итерациялық кезеңдер тұр», – деді Томас Шефер Volkswagen ID2 GTI туралы.

Ол сондай-ақ Volkswagen ID2 GTI мен Volkswagen Golf R модельдері классикалық Golf-тың сипаттамасын сақтай отырып, одан да қуатты болатынын атап өтті. Көліктің жалпы габариттері өзгеріссіз қалуы мүмкін деп күтілуде.

Бұған дейін Volkswagen әйгілі Golf моделінің жаңартылған нұсқасын таныстырған болатын. Еуропалық нарықта бұл автокөлік хэтчбэк корпусында үш, ал универсал түрінде екі түрлі жинақтамада ұсынылады. Автокөлік 1,5 литрлік, қуаты 114 және 148 ат күшіне ие қозғалтқышпен жабдықталған (жинақтамаға байланысты).

Сонымен қатар гибридті нұсқасы да шыққан, бірақ ол туралы толық мәліметтер әзірге жарияланбады.

Еске сала кетейік, Volkswagen өз электромобильдерінің жүйесіне Pac-Man аркадалық ойынын қосқан болатын. Ол көлікті қуаттау кезінде қолжетімді болады. Ойын мультимедиялық жүйемен жабдықталған модельдерде қолжетімді AirConsole қосымшасы арқылы іске қосылады, ал смартфон — ойын контроллері ретінде пайдаланылады. Бұл мүмкіндікті тек көлік тұрақта тұрған кезде ғана қолдануға болатыны нақты көрсетілген.

Сондай-ақ оқыңыз