Altel-ді сатып алған қатарлық компания Қазақстанда тағы бір жобаға қатысады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Tele2 /Altel баспасөз қызметі

Қатарлық Рower International Holding (РІН) компаниясы халықаралық «Astana Hub» IT-стартаптар паркінің базасына тіркелді. Бұл жайлы Сыртқы Істер министрлігі өкілдерімен кездесуде компанияның Қазақстандағы атқарушы директоры Амер Махасен хабарлады.

Қазір РІН елімізде медициналық мекемелер салу және оны цифрлық шешімдер арқылы басқару саласына қызығушылық танытып отыр. Одан бөлек тау-металлургия, кен барлау секторындағы перспективалар да талқыланып жатыр.

Ал Қазақстан үкіметі шетелдік компаниямен серіктестікті дамыту үшін барынша қолдауға дайын екенін білдірді.

«Power International Holding» жобалары Қазақстан үшін аса маңызды салаларды қамтиды. Газды қайта өңдеу инфрақұрылымы – энергетикалық қауіпсіздікке, телекоммуникация – елдің цифрлануына үлес қосады. Ал денсаулық сақтау, IT және тау-кен металлургия саласындағы жоспарлар – технология трансфері мен өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге мүмкіндік ашады. Қазақстан бұл бастамалардың тиімді жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров.

PIH қазір еліміздегі Қашаған кен орнындағы газөңдеуші екі зауыттың құрылысына қатысып жатыр. Одан бөлек «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры желісінің екінші бағытын және «КС-14-Ақтөбе-Қостанай» магистралін салуда да үлесі бар.

Ал 2023 жылы Рower International Holding телекоммуникация нарығына шығып, Tele2 және Altel брендін иеленетін «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын сатып алған еді.

Сондай-ақ оқыңыз