«Пышақ сүртіп отырды»: Шерзат ісінде кәмелетке толмаған сотталушыдан жауап алынды

Талдықорған сотында Шерзат Полат қазасынан қамауға алынған кәмелетке толмаған сотталушы Думан Ысқақтан жауап алынып жатыр.
Айта кетейік, сотталушы 2007 жылы туған. Ол қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмысты жасыру) бойынша айыпталып отыр.
Айтуынша, сотталушы Нұрбол Тоқтаубаевтың көршісі. Оқиға болған күні Тоқтаубаев хабарласып, ішімдік ішкенін айтып, көлік рөліне отыруын сұраған.
«Екеуміз Рысқұлов ауылынан Талғар қаласына түстік. Нұрбол досымды апарып тастаған соң, «сені таксиге отырғызып жіберемін» деп айтты. Досын апарып тастағаннан кейін, Нұрбол Тоқтаубаев Шыңғыс Белғожаевқа хабарласып, қай жерде екенін білді. 10-15 минут отырып қайтамыз деді. Мейрамханаға бардық. 15 минуттан кейін Нұрбол Тоқтаубаев маған келіп, «Дархан деген досымды ұрып кетіп, барып қайтайықшы» деді. «Қамажай» дүкеніне барсақ, Қаржаубай аға, Дархан Әскентай, Шерзат Полат, Нұрқанат Ғайыпбаев тұр екен», – деді сотталушы қайғылы жағдай болған күнді еске алып.
Айтуынша, Қаржаубай Нұрымовтан оқиғаның мән-жайын білген соң көлікке барып отырған.
«Тарс еткен дыбыс шықты. Қорқып, көлікті артқа қарай жүргіздім. Шамамен 7 минут өткеннен кейін жанымнан бір көлік өтіп кетті. Бәрі тып-тыныш болып қалды. Нұрбол Тоқтаубаев сол көліктің ішінде деп ойлап артынан жүріп отырдым. Шынасыл Абзалдың пышақ сүртіп отырғанын көрдім. Көлікте мылтықтың тұрғанын көрдім», – деді ол.
Содан кейін көліктен түсіп қалған. 2024 жылдың 4 қазанында мектептегі сабағына барған.
Бұған дейін сотта Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алынды.
Сотталушыларға қандай айып тағылған
Шерзат Полат ісі бойынша 9 сотталушы бар. Олардың ішінде Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталып отыр.
Равиль Сакиев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағы (адам өлтіруге оқталу);
Шыңғыс Белғожаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Дархан Әскентай – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Нұрбол Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Азамат Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық);
Нұрқияс Ілиясов – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Дидар Қалиахмет – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Думан Ысқақ (2007 жылы туған) – қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру).