Адам өлтіруге оқталды деп айыпталған Равиль Сакиев қалай әрекет еткенін айтты – видео

Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот отырысы өтіп жатыр. 16 мамырдағы сот отырысында сотталушы Равиль Сакиев қайғылы жағдай болған күні қалай әрекет еткенін айтты, деп хабарлайды KursivMedia.
«Нұрқанат Ғайыпбаевты 2017 жылдан бері танимын. Көрген жерге сәлеміміз түзу болды. Сол күні «сөйлесіп қайтайық» деді. «Інім сендердің бір балаларыңды ұрып қойыпты» деп, Дархан Әскентайды көрсетті. Мен Дарханды танымайтынымды айттым. Ол үшін келіп тұрған жоқпын дедім. Нұрқанат түсініспеушілік болып қалды деді. Сөйлесіп тұрғанда төбелес басталып кетті. Нұрқанат бірінші кетті, мен артынан бардым. Шерзаттың достары дүкен алдында тұр екен. Сол кезде дүкен артында шу басталды», – деді сотталушы Сакиев.
Айтуынша, содан кейін мылтық атылған дыбыс естіген.
«Нұрқанатты 2-3 рет тептім. Әйелдің «скорая» деп айғайлаған дауысын естідім. Сол жерден бірінші болып кеттім. Артымнан басқалары бір минут болмай жүгіріп келіп көлікке отырды. Абзал мен Азамат көліктің алдында отырды. Мылтықты екеуі әкелді. 777 дүкеніне барған кезде көліктен шықпадым. Абзал бір баланы пышақтап жібердім деп айтты. Кейіннен оның Нұрқанат Ғайыпбаевты пышақтағанын білдім», – деді сотталушы.
Равиль Сакиев 1998 жылы туған, Қазақстан азаматы, қазақ, білімі – орта, бойдақ, мейрамханада жұмыс істеген. 2021 жылы 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектелген. Соттылығы жойылған.
Айыптау актісіне сәйкес, Равиль Сакиев бұзақылық, яғни қоғамдық тәртіпті қоғамды құрметтемеу анық көрінетін, азаматтарға қарсы күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, пышақты қолданумен, сол сияқты барынша арсыздықпен ерекшеленетін әдепсіз әрекеттер жасаумен ұштасқан аса қатыгездікпен бұзушылық іс-әрекеттерін жасаған. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасаған. Сонымен қатар Равиль Сакиев адам өлтіруге оқталу, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшыратуға оқталу, бұзақылық ниетпен адамдар тобы болып жасаған. Яғни, қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағында көрсетілген қылмысты жасаған.
Келесі сот отырысы 2025 жылдың 21, 22, 23 мамырында сағат 10:00-де өтеді.
Сотталушыларға қандай айып тағылған
Шерзат Полат ісі бойынша 9 сотталушы бар. Олардың ішінде Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталып отыр.
Равиль Сакиев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағы (адам өлтіруге оқталу);
Шыңғыс Белғожаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Дархан Әскентай – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Нұрбол Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Азамат Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық);
Нұрқияс Ілиясов – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Дидар Қалиахмет – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Думан Ысқақ (2007 жылы туған) – қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру).