Әскерге барғандар университетте тегін оқиды: қалай, қайда тапсыру керек

Қорғаныс министрлігі кейінгі жылдары жастарды әскерге баруға ынталандыру үшін азаматтық, әскери жоғары оқу орындарына түсуге түрлі мүмкіндік жасап отыр. Төмендегі материалда солар туралы толығырақ айтып береміз.
ҰБТ-сыз ақылы негізде ЖОО-ға түсу
Әскери борышын өтеп келгендер екі жыл ішінде ұлттық бірыңғай тест тапсырмастан ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсе алады. Ол үшін төмендегі құжаттар топтамасын ұсынып, әңгімелесуден өту қажет:
- жеке куәлік көшірмесі;
- білімі туралы құжат көшірмесі;
- әскери қызмет өткергені туралы анықтама;
- әскери билет көшірмесі;
- 086-анықтама (медициналық куәландыру).
Білім алушы шығармашылық емтихан тапсыру көзделген мамандықты таңдаған жағдайда шығармашылық емтиханды тапсыруға тиіс.
Әскери кафедраға түсу
Әскерге барып келген жігіттерде ЖОО-ның әскери кафедраларына емтихансыз, гранттық негізде, ақылы не тегін оқып жатқанына қарамастан, түсуге мүмкіндігі бар.
Әскери кафедраға қабылдану үшін білім алушы бірінші курстан кейін іріктеу комиссиясының жұмысы кезеңінде ректордың атына өтініш жібереді. Кейін медициналық куәландырудан өтіп, әскери кафедраға тегін қабылданады.
Әскери оқу орындарына түсу
Қазақстанның қарулы күштері қатарында жауынгерлік даярлық және әскери тәртіп бойынша жоғары нәтиже көрсеткен азаматтар әскерден кейін екі жыл ішінде Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери оқу орындарына емтихансыз қабылдана алады.
Әскери оқу орнына қабылдану үшін 30 сәуірге дейін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органының басшысы атына өтініш жолдау қажет.
Одан кейін медициналық куәландырудан өту керек.
Арнайы тексеруден өткен, денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды азаматтар оқуға қабылдау жылының 15-20 шілде аралығында соңғы медициналық куәландырудан өтуге тиіс.
ЖОО-ға түсу
Әскери борышын өтеп келген жастар шәкіртақы алмай белгілі бір мамандық бойынша ЖОО-да тегін білім алуына мүмкіндік қарастырылған.
ЖОО-ға түсу үшін қажетті құжаттар:
- жеке куәлік көшірмесі;
- білімі туралы құжат (аттестат, құжат дипломы) көшірмесі;
- әскери қызмет өткергені туралы анықтама;
- әскери билет көшірмесі;
- 086-анықтама (медициналық куәландыру);
- Қорғаныс министрлігінің оқуға түсуге ұсынымы.
Егер оқуға түсуге шығармашылық емтихан тапсыруды міндеттейтін мамандықты таңдаған жағдайда шығармашылық емтиханнан өтуі керек.
Ұсыным деген не
Ұсыным – Қарулы күштер қатарында мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген, жауынгерлік даярлықта, жүктелген міндеттерді орындауда жоғары нәтижеге қол жеткізген әрі үлгілі әскери тәртіп көрсеткен әскери қызметшілерге ЖОО есебінен білім алуға кепілдік беретін құжат.
Ұсыным әскери бөлім командирлері ұсынған әскери қызметшілердің бағалау көрсеткішін қарау нәтижесі бойынша беріледі. Ұсыным алуға кандидаттарды іріктеу төмендегідей критерийлер бойынша әскери қызметшіні бағалау көрсеткішіне сәйкес жүргізіледі:
- жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру деңгейі;
- жеке тәртібі;
- тәуліктік нарядта қызмет өткеру барысында арнайы міндеттерді толық орындауы;
- психологиялық жай-күйін бағалау.
Қандай ЖОО-ға түсуге болады
Қорғаныс министрлігі шәкіртақысыз тегін оқу мүмкіндігі үшін 41 жоғары оқу орнымен келісімшарт жасаған. Олар:
- Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті
- Astana IT University
- «Тұран АСТАНА» университеті
- Қазақ технология және бизнес университеті
- Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті
- М. С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті
- Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
- Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті
- Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті
- Қазақстан Ресей-медицина университеті
- Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті
- Д. А. Қонаев атындағы Еуразиялық Заң Академиясы
- Халықаралық білім беру корпорациясы
- Қазақ автомобиль-жол институты
- Алматы менеджмент университеті
- Caspian University
- Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы
- Қазақ жолдар және қатынастар университеті
- «Тұран» университеті
- Азаматтық авиация академиясы
- М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті
- Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті
- Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті
- Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті
- Қарағанды медицина университеті
- Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті
- А. Байтұрсынов атындағы Қостанай Өңірлік университеті
- М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
- М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті
- Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы
- Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті
- Семей медициналық университеті
- Alikhan Bokeikhan University
- Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті
- Солтүстік Қазақстан университеті
- Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті
- Торайғыров университеті
- Құрлық әскерлерінің Әскери институты
- Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты
- Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты.
Бұған дейін, әскери жоғары оқу орындарына енді Egov порталы арқылы түсуге болатынын жазғанбыз.