Ресей-Украина келіссөзі аяқталды. Кремль Киевке «орындалмайтын» талаптар қойған

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Ресей-Украина келіссөзі аяқталды. Кремль Киевке "орындалмайтын" талаптар қойған
Ресей-Украина келіссөзі аяқталды. Кремль Киевке «орындалмайтын» талаптар қойған/Фото: Reuters

Ресей мен украина делегациялары арасында Ыстанбұлда өткен келіссөз аяқталғаны хабарланды. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды.

Тараптар кездесуі екі сағатқа да жетпеген.

Reuters агенттігі Украинадағы дипломатиялық дереккөзге сілтеме жасап, Ресейдің келіссөздердегі талаптарын «реалистік емес әрі бұған дейін талқыланғанның бәрінен тыс» деп сипаттаған. Дипломат Кремль өкілдері кездесуде Киевтен өздері жарым-жартылай басып алған Украина жерінен украин әскерін әкетуді талап еткенін, бұл «орындалмайтын» талап екенін айтқан.

Қазіргі уақытта Ресей Украина жерінің шамамен 20 пайызын басып алғаны айтылып жүр. Олардың қатарында Луганск, Донецк, Запорожье, Херсон, Харьков облыстарының бір бөлігі бар.

Бұған дейін Түркияның Ыстанбұл қаласындағы Долмабахче кешенінде өтіп жатқан Украина мен Ресей делегаттарының келіссөзінде тараптар бір-бірімен аудармашы арқылы сөйлесіп жатқаны хабарланған.

CNN Украинада орыс тілі кең таралғанын атап өтіп, бұл фактіні олардың арасындағы жаулық деңгейінің қаншалықты екенін меңзейтінін жазған.

Келіссөзге Ресей президенті Владимир Путин де, Украина президенті Владимир Зеленский де қатыспады.

Украина делегациясын қорғаныс министрі Рүстем Умеров, ал Ресей делегациясын Кремль көмекшісі Владимир Мединский бастап келген.

Сондай-ақ оқыңыз