Қазақстандықтар салондағы көліктерді талап алып жатыр, оның сыры неде

«Қазақстан Автокөлік Одағының» (ҚАО) мәліметінше 2025 жылғы сәуірде 19 247 жеңіл және коммерциялық автомобиль сатылған. Бұл былтырғыдан 35,9% жоғары.
Жыл басынан бері ресми дилерлер 66 090 автомобиль сатса, өткен жылы 53 605 көлік өткен (+23,3%).
Автокөлік одағы елде жасалған автомобильдер нарықтан орнын ойып тұрып алып жатқанын, сәуірде олардың үлесі 64,61%-ға жеткенін атап өтті.
«Сұраныс құрылымындағы мұндай қатынас отандық көліктер мен отандық автозауыттар ұсынған сан түрлі модель сапа, баға және сатып алғаннан кейінгі қызмет тұтынушының күткеніндей болғанын растайды. Дилерлер мен банктердің бірігіп қолға алған бастамалары жаңа автомобильдердің ауқымды аудитория үшін қолжетімділігін арттырып жатыр», – дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.
Ең көп өткен 10 автомобиль қатарында өзгеріс жоқ. Бірінші тұрған Hyundai дилерлері дәстүрден жаңылмай, 4 393 көлік сатқан (былтырғы сәуірмен салыстырғанда +44,4%).
Chevrolet де әдеттегідей екінші орынға жайғасты (2 725; +84,5%). Үздік үштікке енген Kia-ның нәтижесі – 2 207 (+25,2%).
Бұл жолы Chery бренді төртінші сатыға қайта көтерілді (1 434 бірл. (+38,8%). Сәуірде 1 368 көлігі иесін тапқан Jetour бесінші қатардан көрінді. Әрі қарай тізімде Geely (1 051; +44,4%), Haval (1 046; +76,7%), Toyota (744; +6,9%), Changan (691; -20%) және Jac (661; -35,8%) бар.
Нарыққа қайта оралған Skoda (280; +536,4%) мен Lada (204; +423,1%) да жақсы өтіп жатыр. BYD-дің де бастамасы жаман емес – сәуір айында 136 машинаның кілтін тапсырған.
Сәуірде сұраныс жоғары болған 10 модель:
- Chevrolet Cobalt (2 194)
- Hyundai Tucson (1 762)
- Kia Sportage (1 000)
- Hyundai Mufasa (745)
- Hyundai Elantra (580)
- Hyundai Santa Fe (548)
- Chery Tiggo 7 Pro (538)
- Kia K5 (495)
- Haval M6 (456
- Geely Coolray (393).
Төрт айдың қорытындысы бойынша брендтер көшін Hyundai (16 098; +30,7%) бастап тұр, екінші жүлде 8 734 автомобильдері өткен Chevrolet-ке бұйырса (+81,4%), Kia клиенттері 7 112 автомобильдің иесі атанған (+7,1%). Chery-дің 4 531 моделі иесін тапса (+1,3%), бестікті Jetour маркасы түйіндеді 4 471 (+74,5%).
Бұған дейін, сатылым бойынша көш басында тұрған Hyundai, Chevrolet және KIA ұсынған тиімді шарттарды шолып шыққанбыз.