Құқыққорғаушы Жезқазғандағы шулы істе жұмсақ сот үкімінің күші жойылғанын айтты

Құқыққорғаушы Инга Иманбай Жоғарғы сот Жезқазғанда кісі қолынан қаза тапқан Медет Исламның ісі бойынша шыққан сот үкімінің күшін жойғанын мәлім етті.
«Міне, қуанышты жаңалық! Әділет оты қайта тұтанды. Жоғарғы Сот Бас прокурор Берік Асыловтың наразылығын қанағаттандырып, Медет Исламның өліміне қатысты шығарылған негізсіз жұмсақ үкімдердің күшін жойды. Бұл — кінәлілердің жауапкершіліктен жалтарып кете алмайтынын білдіреді» деп жазды заңгер желідегі парақшасында.
Құқыққорғаушы енді іс қайта қаралып, облыстық сотта жаңа процесс өтетінін жеткізді.
«Біз күдіктілер әділ жазаға тартылады деп сенеміз» деген ол бұл жаңалық әділет үшін табанды түрде күрескендердің жеңісі екенін атап өтті.
Наурыз айының басында «Жезқазғаннан әділдік таппадық» деген ағайынды Саят Ислам мен Қайсар Әбділғалел Алматыда журналистер алдына шығып, кісі қолынан қаза тапқан бауыры Медет Исламның ісіне қоғам назарын аударғысы келетінін мәлімдеген. Олар бауырын қаланы ашса алақанында, жұмса, жұдырығында ұстап отырған қылмыстық топтың мүшелері өлтіргенін айтып, кінәлілер тиісті жазасын арқалағанын қалайды.
Ал 8 мамырда Инга Иманбай іске қатысты сот үкіміне Бас прокуратура наразылық білдіргенін хабарлаған.