Ыстанбұл келіссөзінің нәтижесі: Тараптар 1000 тұтқын алмасуға уағдаласты

Түркияның Ыстанбұл қаласындағы өткен Украина мен Ресей делегаттары келіссөзінің нәтижесінде тараптар «1000-ға 1000» форматында тұтқын алмасуға келіскен. Бұны қос тарап та растап отыр.
Украина делегациясының басшысы, Қорғаныс министрі Рустем Умеров Мәскеу мен Киев тұтқындармен алмасудың нақты күні туралы келісімге келгенін айтты. Бірақ бұл күнді журналистерге жария етуден бас тартты.
Умеровтың айтуынша, оның делегациясы Украина президенті Владимир Зеленскийден тұтқындармен алмасу мен атысты тоқтату мәселелерін талқылауға мандат алған.
Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский келіссөздердің нәтижелері туралы айтып, «1000-ға 1000» формуласы бойынша тұтқын алмасу жоспары барын растады.
Ол келіссөз нәтижесіне «көңілі толатынын» және «байланысты жалғастыруға дайын» екенін айтты.
«Не жөнінде келістік? Біріншіден, алдағы күндері мың-мың адам көлемінде ірі тұтқындармен алмасу жүзеге асады. Екіншіден, Украина тарапы мемлекет басшылары арасында тікелей келіссөз өткізуді сұрады. Бұл өтініш назарға алынды», – деді Мединский.
Сондай-ақ, Владимир Путиннің көмекшісі келіссөздер нәтижесінде әр тарап атысты тоқтатудың ықтимал болашағына қатысты өз көзқарасын дайындап, егжей-тегжейлі түрде ұсынатынын айтты.
«Мұндай көзқарас ұсынылғаннан кейін, біз келіссөздерді жалғастыру орынды деп санаймыз», – деп түйіндеді Мединский.
Тараптардың бүгінгі кездесуі бір сағаттан сәл асқаны айтылды. Reuters агенттігі Украинадағы дипломатиялық дереккөзге сілтеме жасап, Ресейдің келіссөздердегі талаптарын «реалистік емес әрі бұған дейін талқыланғанның бәрінен тыс» деп сипаттаған. Дипломат Кремль өкілдері кездесуде Киевтен өздері жарым-жартылай басып алған Украина жерінен украин әскерін әкетуді талап еткенін, бұл «орындалмайтын» талап екенін айтқан.
CNN делегаттар келіссөзде бір-бірімен аудармашы арқылы сөйлескенін жазды.