ҰБТ-2025 басталды. 2025 жылы қандай өзгеріс бар

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
ҰБТ-2025 басталды. Биыл қандай өзгеріс енді
ҰБТ-2025 басталды. Биыл қандай өзгеріс енді/Фото: ҒЖБМ

Ел бойынша ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі сынағы басталды. Тестілеу 7 шілдеге дейін жалғасады.

Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін де бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгіледі.

216 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 399 мыңға жуық өтініш берген. Оның ішінде тапсырушылардың 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ға жуығы орыс тілінде, 266 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірген.

Жалпы ҰБТ 46 тестілеу пунктінде ұйымдастырылған. Бірнеше жыл қатарынан ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика-Физика» болып қалып отыр – оны түлектердің 16,5%-ы таңдады. Бұл талапкерлердің инженерлер, мұғалімдер, энергетиктер, құрылысшылар және басқа да техникалық мамандықтарға деген ұмтылысын көрсетеді. Танымалдығы бойынша келесі комбинациялар: болашақ медиктерге бағытталған «Биология-Химия» (15,6%) және IT саласына қызығушылық танытатын талапкерлерді тартатын «Математика-Информатика» (9,7%)», – деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

ҰБТ ережелері

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, үшеуі міндетті, екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмаларының саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут ұсынылады

Шекті балл

Шекті балдар өзгеріссіз қалды: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» үшін кемінде 70 балл жинау қажет; ұлттық ЖОО-ға түсу үшін кемінде 65 балл, басқа ЖОО-ға түсу үшін кемінде 50 балл жинау қажет.

2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін, күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.

ҰБТ базасы

2026 жылы ҰБТ-ға арналған тест тапсырмалары қоры толықтырылып жаңартылған. Ғылым және жоғары білім министрлігі тест тапсырмалары негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес құрастырылатынын айтады.

«Тест тапсырмалары мектепте оқытылатын жалпы білім беретін пәндер бойынша үлгілік оқу бағдарламалары, оқулықтар, пәндер бойынша тест спецификациялары негізінде әзірленді», – делінген KursivMedia сауалына жолданған жауапта.

Жаңартылған материалдар

ҰБТ-ға арналған төмендегідей материалдар жаңартылып, дайындық мақсатында Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында жарияланған:

·      тест жоспары мен спецификациялары;

·      үлгілік тест нұсқалары;

·      ұсынылатын оқулықтар тізімі;

·   «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша тарихи даталардың жаңартылған тізімі;

·      қазақ және орыс әдебиеттері пәндері бойынша шығармалар тізімі;

·       «Информатика» пәні бойынша терминологиялық анықтамалар.

Грант саны мен басым бағыттар

Мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына, педагогикалық ғылымдарға, жаратылыстану ғылымдарына ерекше көңіл бөлінеді. Ұсынылған үлестірімге сәйкес, техникалық мамандықтардың үлесі 60%-ға дейін артады. Гуманитарлық – 28 %, медициналық – 8 %, шығармашылық – 4 % болады.

2025-2026 оқу жылына 75 мыңнан астам грант бөлу жоспарланып отыр.

Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау 12 сәуірде басталған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз