Ыстанбұлдағы келіссөз: Украина мен Ресей делегациясы аудармашы арқылы сөйлесіп жатыр

Түркияның Ыстанбұл қаласындағы Долмабахче кешенінде өтіп жатқан Украина мен Ресей делегаттарының келіссөзінде тараптар бір-бірімен аудармашы арқылы сөйлесіп жатқаны хабарланды.
CNN Украинада орыс тілі кең таралғанын атап өтіп, бұл фактіні олардың арасындағы жаулық деңгейінің қаншалықты екенін меңзейтінін жазған.
Бұған дейін осыдан үш жыл бұрын осы Ыстанбұлда өткен келіссөз орыс тілінде жүрген.
Келіссөзге Ресей президенті Владимир Путин де, Украина президенті Владимир Зеленский де қатысып жатқан жоқ.
Украина делегациясын қорғаныс министрі Рүстем Умеров, ал Ресей делегациясын Кремль көмекшісі Владимир Мединский бастап келген. Келіссөзге Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан төрағалық етуде.
Кездесудің басында сөз сөйлеген Түркияның СІМ басшысы бұл келіссөзді «техникалық сипаттағы келіссөз» деп атаған. Ол болашақта екі ел басшыларының бетпе-бет кездесуі үшін негіз ретінде қалауы тиіс.
«Бұл – 2022 жылғы наурыздан бері алғашқы тікелей байланыс. Біз бұл мүмкіндікті бейбітшілікке қарай қадам басу үшін пайдалануымыз керек», – деді Фидан.
CNN келіссөзге қос елдің басшысы қатыспаса да, екі тараптың бір залда отыруы маңызды сәт екенін атап өтті.
Украина тарапы келіссөзді бірінші басшылар жүргізгенін қалаған. Тіпті Украина президенті Владимир Зеленский Түркия астанасына ұшып барған. Алайда Ресей басшысы Владимир Путин Түркияға бармайтыны белгілі болды. Осыдан кейін Зеленский Ыстанбұлдағы келіссөзге қатыспайтынын мәлім етті.