Экономикаға құйылған 4,4 трлн теңге инвестицияның бестен бір бөлігі – бюджет қаражаты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
экономика инвестиция
Ел экономикасына қанша инвестиция құйылды /Фото: shutterstock / Bayanova Svetlana, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында Қазақстан экономикасына 4,4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,7%-ға көп. Қаңтар-ақпан айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі азайған еді.

Инвестицияның басым бөлігі – 66,2%-ы – жеке компаниялардың өз қаржысы. Бірақ былтыр бұл көрсеткіш 76,3% болған. Яғни кәсіпкерлердің өз қаражатына инвестиция салуы азайған.

Есесіне, мемлекеттен бөлінген қаражат үш есе өсіп, барлық инвестицияның 22,1%-ын құрады. Банктердің үлесі өзгеріссіз: 3,5% деңгейінде қалды.

Алайда Halyk Finance сарапшылары мұндай өзгеріске алаңдаушылық білдірген. Олар мемлекет тарапынан артық қолдау экономикаға зиян келтіруі мүмкін деп тұжырымдайды. Егер дағдарыс бола қалса, бюджет қысқарып, салымдар азаяды. Бұл жағдай экономиканың баяулауына әкелуі мүмкін.

Қай салаларда инвестиция артты?

Ауыл шаруашылығына құйылған инвестициялар 12%-ға артып, 164,2 млрд теңгеге жеткен. Әсіресе, аралас ауыл шаруашылығы бағытындағы өсім 185%-дан асты. Бұл саладағы технологиялық жаңару мен инфрақұрылымдық жобалар себеп болуы мүмкін.

Өңдеу өнеркәсібінде де серпін байқалады: 556,6 млрд теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 34%-ға өсті. Ал тау-кен өндірісі, керісінше, 23%-ға төмендеген.

Білім беру саласына бағытталған қаржы бес есе өсіп, 422,8 млрд теңгені құрады. Мұндай өсім республикалық бюджеттен бөлінген ірі көлемдегі қаражат нәтижесі.

Қай өңірлер көш бастап тұр?

Негізгі капиталға салынған инвестиция Жамбыл (66,8%-ға), Жетісу (63,8%-ға), Түркістан (55,7%-ға), Шымкент қаласы (54%-ға), Алматы қаласы (35,6%-ға), Астана қаласы (35,5%-ға), Маңғыстау (25%-ға) және Алматы (23,6%-ға) облыстарында өскен.

Тартылған инвестицияның басым бөлігі Алматы (12,4%) және Астана қалаларына (11,6%) тиесілі.

Бірақ кей аймақтарда кері жағдай байқалды. Атырау облысында инвестиция көлемі 40%-ға азайды. Бұған Теңіз кен орнындағы жобаның аяқталуы себеп болды. Ұлытау мен Солтүстік Қазақстан облыстарында да инвестиция аз тартылған.

Сондай-ақ оқыңыз