Жаңалықтар

QazaqGaz ұлттық компаниясы былтыр 30 млрд теңге шығынға ұшыраған

Газ компаниясы неге шығынға ұшырады / Фото: QazaqGaz, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«QazaqGaz» ұлттық компаниясы 2024 жылы 30,2 млрд теңге көлемінде жалпы шығынға ұшырады. Бұл компанияның шоғырландырылған қаржы есептілігінде көрсетілген.

Жалпы шығынға қарамастан, компания 289 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл – өткен жылғы 325,8 млрд теңгемен салыстырғанда төмен нәтиже.

Ұлттық газ тасымалдаушының негізгі шығыны операциялық қызметтен пайда болған.

Есепке сәйкес, компанияның жиынтық активтері бір жылда 22%-ға өсіп, 4,32 трлн теңгеге жеткен. Ал жиынтық міндеттемелер 1,49 трлн теңгеге дейін ұлғайған (2023 жылы – 1,04 трлн теңге).

Компанияның жарғылық капиталы 2024 жылдың соңында 495,9 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 11%-ға артты. Меншікті капитал да өсіп, 2,83 трлн теңгені құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 13%-ға жоғары көрсеткіш.

Активтердің тиімділігі (ROA) 6,7% болды, бұл өткен жылғы 9,2%-бен салыстырғанда төмен. Меншікті капитал табыстылығы (ROE) да 13%-дан 10,2%-ға төмендеді. Ал сату табыстылығы (ROS) бір жылда 30,15%-дан 22,95%-ға құлдырады.

«QazaqGaz» ұлттық компаниясының жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Қор компанияның 100% акциясына иелік етеді.

Қазақстан үкіметі газ компаниясын  2026-2027 жылдары IPO-ға шығаруға ниетті.