Қазақстандағы жалақы өсімі экономика қарқынына ілесе алмай келеді

2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан экономикасы 6%-ға өскеніне қарамастан, халықтың нақты жалақысы небәрі 1,2%-ға ғана артқан. Бұл туралы Halyk Finance сарапшылары мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңіндегі 2,1%-дық өсімнен де төмен.
Мамандар нақты жалақы өсімінің баяулауын номиналды жалақының баяу өсуі және инфляцияның әсерімен байланыстырады. Айта кету керек, 2023 жылы жалақының артуына инфляцияның төмендеуі айтарлықтай үлес қосқан болатын.
Салалар бойынша айырмашылық үлкен
Экономиканың әр саласында жалақы өсімі біркелкі болмады. Кейбір салаларда айтарлықтай өсім байқалса, басқаларында, керісінше төмендеген.
Мысалы, ақпараттық технологиялар мен байланыс саласында жалақы 20 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығында өсім – 7,2 пайыз, сауда саласында 5,9 пайыз болса, жылжымайтын мүлікпен байланысты қызметтерде 4,8 пайызды, ал өнеркәсіпте 4,4 пайызды құрады.
Бірақ кейбір салаларда жалақы азайған. Әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында жүрген қызметкерлерің жалақысы біршама қысқарды: айлық 8,3 пайызға төмендеген. Құрылыс саласында айлық 7,2 пайыз, қонақүй және тамақтану қызметтері саласында 4,7 пайыз төмендеді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында жалақы 2,9 пайызға, ал білім беру саласында 3 пайызға азайған.
Орташа жалақы мен медиана
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында елдегі орташа номиналды айлық 423 133 теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,7%-ға жоғары. Алайда, медианалық жалақы – яғни халықтың тең жартысы одан төмен табыс табатын көрсеткіш – небәрі 300 307 теңгені құрады.
Сарапшылар не дейді?
Halyk Finance сарапшысы Арслан Ароновтың айтуынша, экономика мен табыс өсімі арасындағы алшақтық – еліміздегі өндіріс құрылымының теңгерімсіздігін көрсетеді.
«Теңгерімді даму үшін ресурстарды халық көп шоғырланған салаларға бағыттап, еңбек өнімділігін арттыру қажет. Сонда ғана ел экономикасының өсуі халықтың тұрмыс деңгейіне нақты әсер етеді», – дейді сарапшы.
2026 жылдан Қазақстанда жоғары табыс табатындар салықты да көп төлейтін болады. Мұндай өзгеріс жаңа Салық кодексіне енгізілмек.