Rolls-Royce пен Lotus: Дубай полициясы суперкарларға көшті

Дубай полициясы тағы да жаңалығымен бөлісті. Енді БАӘ құқық қорғау органдары автопаркіне толық электрлі Lotus Emeya S лифтбек қосылды. Бұл жай ғана көлік емес, Bugatti-ден Bentley-ге дейінгі элиталы және спорткарларға толы имидждік стратегияның жалғасы. Дубайда қымбат көлікке көз үйренген. Бірақ мәселе басқада: 612 ат күші бар, 100 км/сағат жылдамдыққа 4,15 секундта жететін электромобиль полицейлерге не үшін қажет?
Туристік полиция автопаркінің жаңа жұлдызы
Lotus Emeya S – Дубайдың туристік полиция департаментінің автопаркіне қосылған жаңа көлік. Бұл департамент туристер көп жиналатын жерлердегі қоғамдық тәртіпке жауапты. Жаңа электрокарды Дубайда өткен Дүниежүзілік полиция саммитінде таныстырды. Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл көлік негізінен имидждік мақсатта қолданылады. Қылмыскерлерді қуалау үшін емес, технологиялық дамуды, заманауи сервисті және ашықтықты көрсету үшін. Ол Бурдж-Халифа, Дубай субұрқағы, Мохаммед бин Рашид бульвары және The Walk JBR сияқты туристік орындардың маңында патрульдеуге қолданылады.
Emeya: қуат пен экологияның үйлесімі
Lotus Emeya – британдық брендтің, қазір Geely құрамына кіретін, электрлі флагманы. S нұсқасында 612 ат күшіне және 710 Нм айналу моментіне ие екі электрқозғалтқыш орнатылған. Автокөлік жылдамдығын 4,15 секундта 100 км/сағатқа дейін арттыра алады, ал максималды жылдамдығы – 249 км/сағат 102 кВт/сағат (пайдалануға қолжетімді 98,9 кВт/сағат) аккумуляторы 350 кВт қуатпен жылдам қуаттайды және 498–609 км жол жүруге мүмкіндік береді.
Emeya – жай ғана көлік емес, премиум класты электромобильдердің әлеуетін көрсететін заманауи символ. Оның сырт келбеті спорттық, аэродинамикасы белсенді, ал салоны футуристік – мұның бәрі оны қала көшелерінде ерекшелендіріп тұрады.
Mansory Cullinan және басқа да премиум маркалар
Lotus Emeya Дубай полициясының суперкарлар коллекциясын толықтырған кезекті үлгі. Мамыр айының басында оған Mansory ательесінде тюнингтен өткен Rolls-Royce Cullinan қосылды. Бұл жол талғамайтын көлік 6,75 литрлік V12 қозғалтқышымен, 610 ат күшіне дейін форсингтелген. Оның жылдамдығын 100 км/сағатқа дейін небәрі 5 секундта арттыруға болады, ал максималды жылдамдығы – 280 км/сағат.
Бұл Cullinan ерекше: төмен профильді шиналар, қолдан жасалған интерьер – барлығы сән-салтанатқа сай. Бұл көлік те шынайы қызметтік көліктен гөрі имидждік жағынан маңызды.
Мұндай стратегия не үшін қажет?
Дубайда туристік полиция – жай ғана құқық қорғау органы емес, туризм инфрақұрылымының маңызды бөлігі. Қызметкерлері бірнеше тілде сөйлейді, туристерге бағыт береді, құқықтық ақпаратпен бөліседі және енді ерекше көліктермен көз тартады. Бұл қалада статус пен көрнекілік маңызды, ал туристер үшін есте қалатын әсер. Көліктермен фотоға түсіп, әлеуметтік желілерде бөліседі, ал бұл өз кезегінде Дубайдың қауіпсіз әрі заманауи қала ретінде имиджін нығайтады.
Emeya мен Cullinan-ның келуі де имиджге негізделген тұрақты даму саясатының жалғасы. Дубай электркөліктерді қолдайды, бірақ сән мен салтанат элементтерінен бас тартпайды. Бұл тек полицияда ғана емес, жалпы қала инфрақұрылымында байқалады. Мәселен, қуаттау станцияларының саны артып, жасыл технологиялар кең таралып жатыр.
Болашақ патрулі
Дубай полициясы баяғыда-ақ дәстүрлі полиция түсінігінен арылып, оның аясын кеңейтіп жіберген. Олардың автопаркі – нағыз техникалық жетістіктер көрмесі. Қазіргі таңда автопарк құрамында:
- Bugatti Veyron
- Lamborghini Aventador
- Ferrari FF
- Aston Martin One-77
- Porsche 918 Spyder
- Bentley Continental GT
- және басқа да суперкарлар бар.
Lotus Emeya мен Mansory Cullinan – осы коллекцияның лайықты жалғасы. Олар болашақтың символы. Мұнда қауіпсіздік технологиямен, тұрақты даму идеясымен және имиджбен үйлеседі.
Еске сала кетсек, қытайлық көпсалалы Geely автоконцерні биылғы бірінші тоқсанында пайдасының артқанын хабарлады. Компания өткен жылдың осы кезеңінен 3 есе көп пайда тапқан.