18 мамыр – Музей түні: Алматыда қайда баруға болады

Жарияланды 16 Мамыр 2025 12:09

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
18 мамыр Музей түні: Алматыда қайда баруға болады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

16-18 мамыр күндері Алматы қаласында дәстүрлі халықаралық «Музей түні – 2025» мәдени акциясы өтеді. Бұл шара әлемнің түкпір-түкпіріндегі музейлер, галереялар мен мәдени мекемелердің кешкі және түнгі уақытта есіктерін келушілерге ашып, тегін немесе символикалық төлеммен қызмет көрсетуін көздейді.

18 мамыр күні сағат 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін Алматыда келесі жеті маңызды музей келушілерге тегін қызмет көрсетеді:

  • Алматы музейі
  • Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі
  • Дінмұхамед Қонаев музейі
  • Сәбит Мұқановтың үй-мұражайы
  • Ғабит Мүсіреповтің үй-мұражайы
  • Ахмет Байтұрсынұлының үй-мұражайы
  • Дәстүрлі музыка мультимедиялық орталығы

Музей түнінде түрлі танымдық квесттер мен викториналар, музей залдары бойынша театрландырылған экскурсиялар, қойылымдар ұйымдастырылады:

  • «Жаңа ғасыр» театрының «Алматы – менің махаббатым» (Алматы музейінде),
  • «Мөлдір махаббат» (С. Мұқанов музейінде),
  • «Ария Қыз Жібек» (Ғ. Мүсірепов музейінде),
  • «Адалдық — асыл қасиет» (Д. Қонаев музейінде)

Сонымен қатар, 16 мамыр күні Алматы музейінде Венгриядан келген ерекше халықаралық көрме — «Матё халық өнері — венгр мәдениетінің мұрасы» ашылады. Осы музейде кешкі уақытта әнші Еркеш Хасен мен Ернар Амандық өнер көрсетеді.

Қастеев музейі «Музей түнін» 90 жылдық мерейтойымен ұштастырады

2025 жылы Қастеев музейі шараны қазақтың ұлы суретшісі Әбілқан Қастеевтің 90 жылдығына орай өткізеді.

18 мамыр күнгі бағдарлама екіге бөлінген:

  • 14:00–16:00 аралығында балаларға арналған «Музей күні» өтеді: пленэрлер, квест-ойындар, шеберлік сабақтары.
  • 16:00–00:00 аралығында ересек көрермендер үшін: театрландырылған көріністер, перформанстар, экскурсиялар мен дәрістер.
  • 16:00-де «Жанды мұра: уақытпен үндескен өнер» көрмесі ашылып, «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері» каталогы таныстырылады.
  • 17:00-ден бастап экскурсиялар қазақ және орыс тілдерінде өтеді.
  • 18:00-де танымал өнертанушылармен кездесу ұйымдастырылады.
  • 19:00–00:00 аралығында концерттік бағдарлама өтеді: классикалық музыка, би, сахналық қойылымдар мен креативті перформанстары

Орталық музей шараны 17 мамырда өткізеді

17 мамыр күні сағат 18:00-ден 23:00-ге дейін Орталық мемлекеттік музей сирек көрсетілетін жәдігерлерді көпшілік назарына ұсынады. Бұған қоса, театрландырылған көріністер, шеберлік сабақтары, квест-ойындар мен концерттік бағдарламалар өтеді. Барлық іс-шараларға кіру тегін.

Айта кетейік, 18 мамыр күні – Музей түнінде жөндеу жұмыстарын байланысты Нұрғиса Тілендиев музейі жұмыс істемейді.

Сондай-ақ оқыңыз