Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімі қалай қойылды?

1953 жылы 17 мамыр күні Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында дүниеге келген. Президенттің есімі қалай қойылғанын көпшілік біле бермейді.
Президенттің есімі — қос құрамнан тұрады: Қасым және Жомарт. Бұл есімдердің әрқайсысының өз тарихы мен мәні бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің есімі туралы «Әке туралы толғаныс» кітабында жазған:
«Өзімнің есімім үшін тағдыр көруге жазбаған көкеме қарыздармын. Ал жаны жомарт, пейілі кең азамат болсын деп армандаған анам мені Жомарт атапты», – деп жазды Тоқаев.
«Қасым» есімі — ағасының құрметіне
Қасым-Жомарт Тоқаев дүниеге келгенде, ата-анасы оған Қасым деген атты өздері үшін ерекше бір адамның құрметіне береді. Бұл — Қасым Болтаев (кейін фамилиясы Тоқаев деп өзгерген), яғни Кемел Тоқаевтың ағасы. Қасым Қызыл армия қатарына шақырылып, Екінші дүниежүзілік соғыста, Ржев шайқасында ерлікпен қаза тапқан. Батыр ағасының есімі ұмытылмас үшін Кемел Тоқаев дүниеге келген ұлына дәл осы есімді береді.
1942 жылы Кемел Тоқаев (1923–1986) өзі соғысқа аттанады. Жиырма жасында Киевті азат ету операциясына қатысып, автоматшылар ротасының командирі болған. Соғыстан кейін ұзақ жылдар бойы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Жаршысы» журналында редактор қызметін атқарған. Қазақ әдебиетінде алғашқылардың бірі болып детектив жанрын қалыптастырған жазушы.
«Жомарт» есімі — анасының таңдауы
Есімнің екінші бөлігі — Жомарт — қазақ халқының кең пейілді, мейірімді, жаны жомарт адамды сипаттайтын қасиетті сөзі. Бұл атты Қасым-Жомарттың анасы Тұрар Шабарбаева ұсынады. Анасы бұл есімді ұлының мінезі де жомарт, жүрегі кең азамат болсын деген ниетпен таңдаған екен.
Анасы Тұрар Шабарбаева (1931–2000) — шет тілдері саласының маманы, Алматы шет тілдері педагогикалық институтында ұстаздық еткен.
Еске сала кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев бала кездегі суретін жариялап, анасы туралы естелігімен бөліскен еді.