Алматы орталығында самокаттар неге жұмыс істемей тұр – компаниялар түсіндірмей отыр

Алматы қаласының орталығында бірден бірнеше самокаттар қызметі — Jet, Yandex және Whoosh — жұмысын тоқтатты. Бұл өзгеріс жайлы алғаш болып қала тұрғындары хабарлап, кейінірек Kursiv LifeStyle редакциясы мәселенің мән-жайын анықтауға тырысты.
14 мамырда Jet компаниясы Алматыда самокатпен жүруге болатын аймақты айтарлықтай қысқартқан. Жаңа шектеу Әйтеке би мен Сейфуллин көшелерінің қиылысынан бастап ШААЖ бен Әл-Фараби даңғылына дейінгі аралықты қамтиды. Қолданушылардың сөзінше, бұл аумақта жүру мүмкін емес.
Jet-тің қолдау қызметі мұны компания басшылығының шешімі екенін айтқан.
«Өкінішке қарай, шектеу алынатын уақыт белгісіз. Қазіргі қолжетімді аймақтар қосымшадағы картада көрсетілген», – деп жауап берді компания өкілдері.
Көп ұзамай дәл осы аумақта Yandex пен Whoosh самокаттары да жұмысын тоқтатты.
«Яндекс» өкілдері де нақты себебін атаған жоқ.
Қала тұрғындары мұндай өзгеріс мүлде күтпеген сәтте орын алғанын айтып шағымданып жатыр. Самокаттардың кенеттен тоқтап қалуына байланысты оларды «тыйым салынған аймақтың» шетіне дейін жаяу апаруға тура келген. Бұл уақытта төлем минут сайын есептеліп отырған. Қазіргі таңда пайдаланылмаған қызмет үшін төлем қайтарыла ма ол жағы белгісіз.
Айта кетейік, соңғы рет самокаттардың шектеуі 29 наурызда болған. Тап сол күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев бейресми кездесу өткізу үшін Алматыға келген еді.