4-5 жылда Арал теңізінің деңгейі 44 метрге дейін көтеріледі – Су министрлігі

Солтүстік Аралды сақтаудың екінші кезеңі басталды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Министрлік хабарлауынша, Қызылорда облысындағы Көкарал бөгетінде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Самех Вахбамен кездесіп, Солтүстік Арал теңізін сақтауға арналған жобаның екінші кезеңін іске асыру мәселесін талқылаған.
Жоба бойынша Көкарал бөгеті жаңғыртылып, Балтық жүйесі негізінде теңіз деңгейін 44 метрге көтеру көзделіп отыр. Сондай-ақ көлдер жүйелеріндегі су ресурстарын тұрақтандыру үшін Аманөткел ауылы маңында гидротарап салынады.
Мұндай жұмыстар нәтижесінде Солтүстік Арал теңізінің ауданы 3913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, су көлемі 34 текше шақырымға жетеді деп болжанып отыр. Теңіздің бұл деңгейге дейін толуы үшін 4-5 жыл қажет болады. Аралды сақтау үшін Сырдария өзенінің орташа көпжылдық ағынына талдау жасалған.
Самех Вахба Дүниежүзілік банктің Солтүстік Аралдың сақтау жобасына алдағы уақытта да қатысатуға мүдделі екенін жеткізген.
«Бүгін біз балық өңдеу зауытын аралап, жобаны жүзеге асырғаннан кейін өңірде қаншама жұмыс орны ашылатынын өз көзімізбен көрдік. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және туризм сияқты басқа салаларда да жұмыспен қамту мүмкіндіктері пайда болады. Осылайша бұл жоба бүкіл өңір үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады. Солтүстік Аралды сақтау жобасы біз үшін өте маңызды, өйткені ол бүкіл әлемге тұтас бір экожүйені қалпына келтірудің нақты үлгісін көрсетеді, – деп мәлімдеді Дүниежүзілік банк өкілі.
Еске сала кетейік, жобаның бірінші кезеңінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 42%-ға артқан. Көлден жыл сайын балық аулау 8 мың тоннаға жеткен. сонымен бірге теңіз тұздылығы да 4 есе төмендеген. Мұндай жұмыстар нәтижесінде 870 шаршы шақырым теңіздің құрғаған табанына су келіп, жел арқылы тұздың ауға көтерілу жағдайы төмендеген.