Қазақстанның бірқатар аймағында 44 градусқа дейін ыстық болады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
аптап ыстық
Қазақстанның бірқатар аймағында аптап ыстық күтіледі / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстанның бірқатар аймағында 40 градусқа дейін ыстық болады. Бұл туралы «Қазгидрометке» сілтеме жасап, Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

«Қазгидрометтің» мәліметінше, 16-17 мамыр күндері Алматы облысының батысы мен солтүстігінде, Жетісу облысының оңтүстігінде, шығысында және  Абай, Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстігінде күн қатты ысып, 40 градусқа дейін жетеді. Бұл күндері Алматыда күн 35 градусқа дейін ысиды. Ал Қонаевта 37 градус ыстық болады деген болжам жасалды.

Жамбыл облысында сынап бағанасы 40 градусқа дейін көтерілсе, Қызылорда облысында 40-44 градус қатты ыстық сақталады.

Сондай-ақ Қарағанды облысында 35 градус,  Ұлытау облысында 35-37 градусқа дейін ыстық болады.

Аптап ыстыққа байланысты аталған өңірлерде жоғары өрт қаупі сақталады.

Жел, тұман, найзағай

Қазақстанның бірқатар өңірінде аптап ыстық жүріп жатқанда, Астана, Көкшетау Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарында найзағай ойнап, жел соғады. Аталмыш аймақта жел күшейіп, тұман түседі. Павлодар және Қостанай облыстарында бұршақ түсуі мүмкін.

Елдің батыс аймағы – Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында жел екпіні күшейіп, найзағай күтіледі.

18 мамырдан бастап елдің солтүстігі мен орталық өңірлерінде күн райы күрт өзгеріп, ауа температурасы 10-15 градусқа дейін төмендеп, қатты жаңбыр жауады. Атап айтқанда Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл болады деп күтіледі. Астана қаласында қатты дауыл болып, жаңбыр жауып, соңы бұршаққа айналуы мүмкін.

Күн райы Ұлытау облысы мен Қарағанды облысында да дәл осылай өзгеруі мүмкін. Бұл аймақтарда да дауыл, найзағай, жаңбыр күтіліп, соң бұршаққа айналуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз