Қазақстандықтар шетелге құлдыққа қалай тап болады – СІМ түсіндіріп берді

Сәуір айында Мьянмада құлдықта болған 4 азамат елге қайтарылды. Kursiv.Media басылымы министрлікке сауал жолдап, қазақстандықтардың қандай схема бойынша шетелге құлдыққа тап болатыны жөнінде сұрады.
Министрліктің мәліметінше, қазір қанша қазақстандықтың шетелде жүргені белгісіз. Бірақ министрлік өз құзыреті шегінде шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше басымдық беретінін мәлімдеді.
«Шетелде еңбек құлдығында жүрген азаматтардың саны белгісіз, дегенмен осындай жағдайға тап болған қазақстандықтар анықталған жағдайда оларға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіледі», – делінген министрлік жауабында.
Қазақстандықтар қалай алданады?
Министрліктің түсіндіруінше, қазақстандықтар көбінесе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жоғары жалақы уәде етілген жұмыс туралы ұсыныстарға алданады. Құлдыққа алу жағдайлары Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде жиі кездеседі. Осы орайда министрлік қазақстандықтарды әлеуметтік желілерде көп жалақы уәде етілген хабарламаларға көп сене бермеуге шақырды.
«ҚР Сыртқы істер министрлігі шетелге шығатын азаматтарға тек ресми арналар арқылы жұмысқа орналасуды, делдалдардың лицензияларын мұқият тексеруді, еңбек шарты мен жұмыс визасын алдын ала рәсімдеуді және Елшіліктің байланыс деректерін өзімен бірге алып жүруді ұсынады. Қауіпсіздік шараларын сақтау – азаматтардың өз өмірі мен құқықтарын қорғаудың басты кепілі», – делінген жауапта.
Еске сала кетсек, сәуірде Мьянмада құлдықта болған 4 Қазақстан, 7 Қырғызстан, 2 Өзбекстан азаматы қайтарылды. Оларды Мьянмадағы қылмыстық топ өз қарамағында ұстап, алаяқтықпен айналысуға мәжбүрлеген.