Қазақстанның су саласын дамытуға 12 млн доллар тартылған

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстандағы 13 гидротехникалық нысанды жөндеуге 20 млрд теңге жұмсалады / Фото: shutterstock
Елде су саласын дамытуға 12 млн доллар қаражат тартылған / Фото: shutterstock

Қазақстанның су саласын дамытуға 12 млн доллар тартылған. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаражат шетелдің қаржы институттары мен қорлардан, елдегі компаниялардан тартылған. Олар келесідей:

  • «Қазақмыс» корпорациясы Балқаш көлінің экожүйесін қорғауға 5 млн доллар бөледі;
  • Францияның даму агенттігі Балқаш көлін сақтап қалуға арналған мастер-жоспар дайындау үшін 1,35 млн еуро көлемінде грант бөлген;
  • Жапония үкіметімен бөгеттерді кешенді басқару арқылы Қазақстандағы су тасқынына қарсы күрес шараларын жақсартуға 2 млн АҚШ долларындай қаражат бөлуге келіскен;
  • Ислам даму банкі Су ресурстарының Ақпараттық-талдау орталығы үшін ерте әрекет ету жүйелерін енгізуді бағалауға 3,5 млн доллар бөледі.

Ислам даму банкінің қаражаты сонымен бірге «Қазсушар» РМК-ны техникалық жабдықтауға, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының су және өзен бассейндерінің мәселелерін зерттеу мен бағалауға жұмсалады.

«Грант қаражаты су шаруашылығының түрлі салаларында ірі жобаларды әзірлеуге жұмсалады. Сонымен қатар шетелдік серіктестер мен халықаралық қаржы ұйымдары да сапалы талдау мен сараптаманы жиі ұсынады. Гранттардан бөлек, инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде бірқатар ірі қазақстандық және халықаралық компаниямен келісімдер бар», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Еске сала кетсек, Дүниежүзілік даму банкі де Арал теңізін сақтап қалуға грант бөлген. Су ресурстары министрлігі Аралды құтқарудың екінші кезеңі басталғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз