Астанада өтетін Comic Con фестиваліне бюджеттен 400 млн теңге бөлінеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Comic Con сайты

Осы жазда Астанада өтетін Comic Con Astana-2025 фестиваліне бюджеттен 399,8 млн теңге жұмсалады. Қаржыны Astana Tourism туризм дамыту орталығы бөлген деп жазады BesMedia.

400 млн теңгенің фестивалі қалай өтуі керек?

Тапсырыс берушінің талаптарына қарасақ, маңызды шарттың бірі – шараға шетелдік 10 қонақты шақыру. Оның ішінде актерлер, блогерлер болуға тиіс. Айта кету керек, ұйымдастырушылар  «Сақиналар әміршісі» трилогиясындағы Голлумның, «Маймылдар планетасы» франшизасындағы Цезарьдың рөлін сомдаған актер Энди Серкис  келетінін хабарлап үлгерді.

Одан бөлек тапсырыс орындаушылар жүлде қоры 15 млн теңгеден кем емес кәсіби косплей-конкурс өткізуі тиіс. Фестиваль жайлы таргет жарнаманы 15 млн рет көріп, 2 млн қолданушы тартылуы керек.

Шараға 300 ерікті, 60 күзетші, 10 менеджер жұмылдырылуы тиіс деген талап та бар. Мердігер олардың тамақтануына, фотографтар мен мобилографтар болуына да жауапты.

Мемлекетттік сатып алу порталына сенсек, конкурсты алматылық «United Kingdom» ЖШС ұтып алған. 2014 жылы тіркелген. Құрылтайшысы – Наталья Абрашкина есімді кәсіпкер. Ол Media Project атты жеке кәсіпкерлікке де ие.

Comic Con Astana 2025 фестивалі 9-13 шілде аралығында өтеді. Биыл іс-шара алғаш рет екі бірдей алаңда – «Астана Арена» және «Барыс Аренада» ұйымдастырылады.

Сондай-ақ оқыңыз