Елімізде шариғат ережесімен жұмыс істейтін банктер бар ма

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ислам ережелеріне сай жұмыс істейтін банктер елге 2009 жылдардан бастап келді / Фото: ашық дереккөзден

Осы жылы мамырда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер жаңа заң жобасын таныстырды. Құжаттағы басты өзгерістің бірі – енді Қазақстандағы барлық банкке исламдық қаржы құралын пайдалануға рұқсат беріледі. Кез келген дәстүрлі банк ислам шарттарына сай өнімді ұсына алады. Қай банк бұл өзгеріске дайын, ал қайсысы әлі жоспарына алған жоқ. Kursiv Media материалында ұсынамыз

Ислам құралдарымен жұмыс істеуге дайын банктер

Ислам қаржы құралдарын енгізуге дайын банктің бірі – «БанкЦентрКредит» АҚ. Қаржы институты осы жылы наурызда алғаш рет исламдық пайлық инвестициялық қор – Wardat al Hayat-ты іске қосты.

Пайлық инвестициялық қор – жеке адамдар мен заңды тұлғалардың ақшасын біріктіріп, сол қаражатты түрлі қаржы құралдарына (мысалы, акциялар, облигациялар, депозиттер, т.б.) инвестициялайтын қор.

Жаңа құрал шариғат қағидаттары бойынша жұмыс істейді, оны растайтын арнайы сертификаттары да бар. Тұтынушылар банктің мобильді қосымшасы арқылы исламдық қаржы құралды пайдалана алады.

«Бұл бағыт аясында клиенттерге ағымдағы және жинақтау шоттары, жинақ құралдары ұсынылады, яғни барлық өнімдер шариғат принциптеріне сәйкес болады. Біздің мақсатымыз – сенім, ашықтық және исламдық қаржы стандарттарына негізделген экожүйені құру. Осы тәжірибе біздің осы бағыттағы даму жол картамызға енді», – деп жазылған банк хатында.

Исламдық ережемен жұмыс істеуге дайын тағы бір ұйым – «Отбасы банк». Қаржы мекемесі осы жылы ислам ипотекасын енгізуге уәде берген. Жақында Қазақстан құрылысшылар одағы және Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығымен арнайы меморандумға да қол қойды. Қызметкерлеріне шариғатқа сай қаржылық құқық негіздері мен исламдық қаржыландыру үйрету үшін CSQlaw атты малайзиялық компанияның Қазақстандағы филиалымен келісімге келді.

Ислам құралдарын енгізуді жоспарламаған банктер

Дәл қазір исламдық қаржыландыруды енгізбеген, бірақ болашақта қарастырамыз деген қаржы ұйымы – Home Credit Bank.

«Біз дәстүрлі қаржы институтымыз және исламдық банкингпен айналыспаймыз.
Алайда клиенттер тарапынан сұраныс болса, клиентке бағдарланған ұстанымымызға сай, мұндай мүмкіндікті жоққа шығармаймыз және Home Credit Bank-та осындай өнімдерді дамыту мәселесін қарастыруға дайынбыз», – деді банктің баспасөз қызметі.

Біз сауал жіберген банктер арасында исламдық құралдарды енгізуді жоспарлап отырмағандар да бар.

«Дегенмен өзгерістер орын алған күннің өзінде, жақын арада исламдық қаржы құралдарын енгізу бойынша түбегейлі қадамдар күтілмейді. Бұл мәселеге қатысты барлық шешімдерді банктің негізгі акционерлері қабылдайды. Біз қаржы нарығындағы жаңа қаржы өнімдерін мұқият бақылап келеміз, қажет болған жағдайда, әрине, әрекет етеміз», – деп жазылған «Bereke bank» жауабында.

Дәл осы топқа Freedom Bank, Еуразия банкі және Forte Bank те кіреді.

«Ағымдағы жылға исламдық қаржыландыруға бағытталған жобаларды құру бойынша жоспарлар жоқ», – дейді Freedom Bank өкілдері.

Қазақстанда исламдық банктер бар ма?

Ислам ережелеріне сай жұмыс істейтін банктер елге 2009 жылдардан бастап келді. Олар – ADCB (бұрынғы Al Hilal) және Zaman банкі. Бірақ олар ұсынатын өнімдердің нарықтағы үлесі өте аз.

Ақпанда Сыртқы істер министрлігі шариғат қағидаларымен жұмыс істейтін нигериялық Taj Bank Nigeria атты банк ашылатынын да хабарлаған.

Енді осы тізімге дәстүрлі қазақстандық банктер де қосылады. Олар толығымен ислам банкі болады дегенді білдірмейді. «Ислам терезесі» деген формат аясында шариғаттағы белгілі бір қаржы құралдарын пайдаланатын болады.

ҚНРДА өкілдері, «исламдық терезелерді» реттеудің либералды моделін таңдағанын айтады. Оған сай, исламдық қаржы құралдарын банктің негізгі қызметінен бөліп қарастырады. Барлық операция да бөлек есептеледі.

Исламдық қаржыландыру — бұл шариғат ережелеріне негізделген қаржылық жүйе. Бұл жүйеде дәстүрлі банктердегідей өсім (процент) алу мен беру тыйым салынған. Оның орнына қарым-қатынастар әріптестікке, ортақ тәуекелге және әділ саудаға негізделеді.

Сондай-ақ оқыңыз