Тимур Құлыбаев мұнай компаниясынан дивиденд алудан бас тартты

Миллиардер Тимур Құлыбаев өзіне тиесілі «Каспий мұнай» компаниясынан 2024 жыл үшін дивиденд алудан бас тартты. Жалғыз акционердің бұл шешімін Қазақстан қор биржасы (KASE) жариялады.
Акционер шешімі 2025 жылғы 6 мамырда қабылданған, алайда мәлімет қор биржасында бүгін жарияланды. Құлыбаев «Каспий мұнай» акционерлік қоғамын Joint Resources компаниясы арқылы басқарып отыр.
Қор биржасының сайтында «Каспий мұнайдың» 2025 жылғы қаңтар-наурыз, 2025 жылғы қаңтар-қыркүйектегі есебі ғана бар, алайда тұтас 2024 жыл бойынша қаржы есебі жоқ.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында «Каспий мұнай» түсімі 36,2 млрд теңге болған. Оның 15,8 млрд теңгесі мұнай экспортынан түскен. Шикі мұнай мен мұнай өнімдерін ішкі нарықта сату – 18,3 млрд теңге, мұнай өнімдерін экспорттау – 2,2 млрд теңге. Табыс – 8,99 млрд теңге. Бұл былтырғы көрсеткіштен (10,09 млрд) аз.
Құлыбаев компаниясы 2024 жылғы шілдеде 13,68 млрд теңге айыппұл төлеген. Оны Атырау облысының экология департаменті зиянды қалдықтарды далаға төккені үшін салған. Дегенмен «Каспий мұнай» шешімді сот арқылы жоюға талпынып жатыр.
2024 жылдың алғашқы тоғыз айында «Каспий мұнай» түсімі 126,6 млрд теңге, ал таза табыс 21,2 млрд теңге болды. Дей тұрғанмен әкімшілік шығын көлемі 16,9 млрд теңгеге дейін өсті. Салыстырар болсақ, 2023 жылы компания 43,7 млрд теңге табыс тапқан.
«Каспий мұнай» – Атырау облысы Жылыой ауданындағы Айранкөл мұнай кен орнын өндірумен айналысады.
Forbes мәліметінше, Тимур Құлыбаев дәулеті – 5,5 млрд доллар. Әйелі Динара Құлыбаева да осынша байлыққа ие. 16 мамырда екеуінің де дәулеті бір тәулікте 40 млн долларға артқаны мәлім болды.