«Америка дауысы» радиосының Вашингтондағы ғимараты саудаға қойылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
"Америка дауысы" ғимараты Вашингтондағы Капитолий маңында орналасқан / фото: REUTERS/Annabelle Gordon
«Америка дауысы» ғимараты Вашингтондағы Капитолий маңында орналасқан / фото: REUTERS/Annabelle Gordon

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі «Америка дауысы» радиосы (VOA) орналасқан ғимаратты саудаға шығарды. VOA кеңсесі Капитолиге жақын маңда орналасқан.

Bloomberg мәліметінше, ғимаратты сату идеясы Трамптың «Америка дауысын» сату талпынысынан туындаса керек. Трамп кеңесшісі Илон Маск басқаратын мекеме (DOGE) федералдық үкіметті қысқартуға күш салып жатыр. VOA-ге туысқан желілер – Азат Еуропа/Азаттық радиосы, Азат Азия радиосы және басқа да медиалар қысқарып жатыр.

Агенттіктің мәліметінше, 2025 жылғы наурызда ғимараттарды жалға беруге жауапты Жалпы қызметтер әкімшілігі 443 федералдық нысанды сатуға шығарған. Алайда мекеме бір тәуліктің ішінде тізімді алып тастап, ғимараттарды біртіндеп сатуға көшкен.

«Америка дауысы» ғимаратының сатылуы медиа қызметкерлерін кеңсесіз қалдыруы мүмкін. Себебі радиостанция қазір Трамптың қаржы бөлмеу туралы шешімінің күшін сот арқылы жоюға талпынып жатыр.

Федералдық судья «Америка дауысын» жабуды уақытша тоқтатты, бірақ кейін апелляциялық сот мәселе қаралып жатқан уақытта Трамп қаржы бөлуді доғара алады деп шешті.

2024 жылы Джо Байден әкімшілігі VOA үшін Вашингтонда жаңа ғимарат алып беруге келіскен. Бірақ биыл наурызда Трамптың Ғаламдық медиа агенттігі басшылығына үміткер жалға алу келісімінен бас тартқан. Аға кеңесші Кэри Лейк жалға алу құнын өте қымбат деп атап, президенттің ақша үнемдеу саясатын еске салған. Лейктің мәлімдеуінше, оның орнына One America News Network кабельді телеарнасына иек артқан жөн. Телеарна Трамп саясатын қолдайды деп жазды Bloomberg.

Естеріңізге сала кетейік, наурыздың аяғында Конгрестің 40-тан аса мүшесі Азаттық радиосына араша түсіп, Трампқа хат жазған. Шамамен сол уақытта Азаттық радиосы гранттың бір бөлігін алатыны мәлім болған.

Сондай-ақ оқыңыз