Қазақстанда көлікті нөмірімен бірге сатуға рұқсат беріледі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жүргізушілер басқа аймаққа көшкенде VIP-нөмірін алып қалса болады / Фото: shutterstock

Ішкі істер министрлігі автокөлікті тіркеу ережелеріне тиісті өзгерістер енгізуді әзірлеп жатыр. Өзгерістер күшіне енгеннен кейін, автокөлік иелері eGov.kz  порталы немесе банктердің қосымшалары арқылы көліктерін мемлекеттік нөмірімен бірге сату мүмкіндігіне ие болады (бір өңір шегінде). Бұл туралы Kursiv.media Kolesa.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.  

Алайда бұл мүмкіндік сұраныс көп нөмірге қатысы жоқ – олар бұрынғыдай бастапқы иелеріне тіркеліп қала береді.

Дегенмен «әдемі» нөмір иелері үшін де жеңілдік қарастырылып жатыр. Оларға VIP-нөмірлерді басқа өңірге көшкен жағдайда өзімен бірге алып кетуге рұқсат етіледі.

Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері есептен шығарылған көлік құралдарының нөмірін сақтау мерзімін 30 тәулікпен шектеуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта бұл белгілер қоймада жойылғанға дейін алты айға дейін сақталады.

ІІМ көлік құралына магнит бекітпесі бар қызғылт сары немесе сары түсті жыпылықтайтын маяк орнатқаны туралы ақпаратты техпаспортта көрсету талабын алып тастамақ. Аталған белгі жол салу, жөндеу немесе күтіп ұстау жұмыстарын орындаған кезде; ауыр, үлкен және қауіпті жүк тасығанда; балалар тобын тасымалдайтын автобусқа; велосипедшілер тобымен бірге жүретін автомобильге орнатылады.

Айта кетейік, VIP нөмірлердің жаңа бағасы белгіленбек. Енді көлік жүргізушілер қалтасына қарай сандар мен әріптерді өздері таңдай алады. Мәселен, үш таңбалы санның бастапқы және соңғы саны нөлмен аяқталатын және 707 саны бар нөмірлерге 224 мың теңге деп баға белгіленген. Алайда осы сандармен қатар, VIP нөмірлердің әріптері де бірдей болғанын қаласаңыз, 538 684 теңге төлейсіз.

Сондай-ақ оқыңыз