Lada Granta-ның бес педальі бар нұсқасы сатылымға шықты

Жарияланды 16 Мамыр 2025 19:40

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Lada Granta-ның автомектептерге арналған нұсқасы сатылымға шықты / Фото: lada.ru

Ресейлік автоконцерн АвтоВАЗ арнайы жүргізуші курстарына арналған оқытуға бейімделген Lada Granta автокөлігінің өндірісін қайта жандандырып, сатылымын бастады. Бұл нұсқа авто мектептерге арналып жасалған және жүргізу машықтарын меңгеруге қажетті барлық элементтермен жабдықталған.

Lada Granta автомектептердің сұранысына сай ма

Оқу мақсатындағы Granta-ның басты ерекшелігі — сертификациядан өткен құрылымы және нұсқаушыға арналған арнайы басқару орнының болуы. Көлікте тежегіш пен ілініс педальдарының қосарланған нұсқасы орнатылған. Яғни, 5 педаль бар. Олар бір-бірімен металл білік арқылы жалғанған, бұл жүйе сенімділікті арттырып, қосымша баптауды қажет етпейді.

Фото: lada.ru

Сондай-ақ, нұсқаушы үшін қосымша артқы көрініс айнасы және көлік сыртына орнатылатын «Оқушы» белгісі қарастырылған. Бұл оқу көлігі барлық қажетті сынақтардан өткен, ресми сертификаттарға ие және техникалық паспортқа (ПТС) ешқандай өзгеріс енгізуді қажет етпейді.

Техникалық сипаттамасы

Оқу Granta-сын жасау үшін 90 ат күшіне ие бензинді қозғалтқышпен және механикалық беріліс қорабымен жабдықталған седан үлгісі негізге алынған. Көлікке жүргізушінің қауіпсіздік жастығы, ABS жүйесі, рөлдік басқаруды жеңілдететін құрылғы (гидроусилитель), орталық құлып және кондиционер секілді жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жабдықтар енгізілген.

Автомектептерге арналғанған Granta модельінің құны 1,08 млн рубль (6,8 млн теңге) деп белгіленген.

Айта кетейік, таяуда ғана АвтоВАЗ Lada Granta-ның жаңа Active Cross нұсқасын таныстырған болатын. Бұл нұсқа жол талғамайтын көліктерге тән биік клиренсі және қорғау қабаты бар сыртқы дизайнымен ерекшеленеді.

Сондай-ақ, АвтоВАЗ зауытында Lada Iskra көлігінің өндірісі басталды. Әзірге бар болғаны төрт көлік шығарылды: екі седан және екі универсал.  

Сондай-ақ оқыңыз