Мектеп бітіру кештері кезінде полиция рейд жүргізе ме

Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі мектеп бітіру кештері кезінде рейд жүргізу және ақша жинау мәселесіне қатысты сұраққа жауап берді.
«Кез келген іс-шара – мектеп қабырғасында немесе одан тыс жерде өтсе де – ата-аналар мен ересектердің өз жауапкершілігін сезінуін талап етеді. Ең алдымен, бұл – балалардың қауіпсіздігіне қатысты. Оқу жылының аяқталуы – сөзсіз, маңызды кезең. Ересектердің міндеті – бұл күнді балалардың есінде мектепке, мұғалімдерге, ата-аналарға және өз еліне алғыс айту күні ретінде қалдыру»,- деді министрліктің ресми өкілі Мереке Нұрмұханова.
Ресми өкіл бұл мәселедегі жауапкершілік тек мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне ғана емес, ата-аналардың өздеріне де жүктелетінін ескертті.
«Қазір министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуде. Егер қандай да бір құқықбұзушылық туралы нақты сигналдар түссе, тиісті шаралар қабылданады. Жалпы, біз ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз және бұзушылықтардың алдын аламыз деп үміттенеміз», – деп толықтырды ол.
Еске салайық, соңғы қоңырауға ақша жинауға және мұғалімдерге сыйлық беруге мектептерде тыйым салынып жатыр. Бұдан бөлек, басқа да қатаң шаралар бар. 2024–2025 оқу жылының соңында өтетін «Соңғы қоңырау», қорытынды аттестаттау және басқа да мектепішілік іс-шараларға байланысты бірқатар талаптар мен ережелер енгізіліп отыр.
Мейрамхана, авто шеру өткізуге болмайды
Мейрамханалар, ойын-сауық орталықтары, саябақтар мен автокөлік шерулерін ұйымдастыруға рұқсат жоқ. Сынып ішінде дастарқан жаюға немесе ата-аналардан қосымша ақша талап етуге болмайды.
«Соңғы қоңырау» шарасына тек оқушының бір заңды өкілі ғана қатыса алады.
Осы оқу жылының соңғы қоңырауы 23-ші немесе 24 мамыр күні соғылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.