Куәліксіз және нөмірсіз жүрген мопедшілер шетінен жазаланып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің тілшісі
Астана мен Алматыда мопед жүргізушілеріне 4 200-ден астам әкімшілік айыппұл салынды/ Фото: shutterstock

Мопедтерге қатысты жаңа ережелер күшіне енгеніне бір жарым ай ғана уақыт өтсе де, тек Қазақстанның екі ірі қаласында – Астана мен Алматыда – мопед жүргізушілеріне 4 200-ден астам әкімшілік айыппұл салынған. 1 200-ден астам скутер тіркеусіз жүргені үшін айыппұл тұрағына жеткізілді. Бұл туралы Астана және Алматы қалаларының полиция департаменттерінің баспасөз қызметтері «Kursiv.Media сауалына берген жауабында айтты.

Мопедтерді жүргізуге қатысты жаңа заң

5 сәуірде Қазақстанда жол жүру ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Заңға сәйкес, мопед иелері көліктерін ІІМ-де міндетті түрде тіркеуге тиіс болатын. Заң күшіне енген алғашқы айдағы статистика жаңа талаптардың тиімді жұмыс істей бастағанын көрсетті. Тек Алматы мен Астананың өзінде мыңдаған құқық бұзушылық тіркеліп, мопед иелері жауапкершілікке тартылды.

Жаңа ережеге сәйкес, мопедтің қозғалтқыш қуатына қарамастан, барлық иелеріне оны тіркеу міндеттеледі. Скутерлер механикалық көлік құралы ретінде танылып, оларды тек мемлекеттік нөмір мен жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана жүргізуге рұқсат етіледі.

Полиция өкілдері бұл өзгерістердің жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталғанын атап өтуде. Себебі мопедтер толық тіркелмесе, олармен байланысты жол-көлік оқиғаларын тергеп-тексеру және жол ережелерінің сақталуын қадағалау қиын.

Астанада қанша мопед жүргізушісі жазаланды

Астана қаласы әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері 200-ге жуық мопед айыптұраққа қойылған. Оның ішінде 43 мопед 5 сәуір мен 15 мамыр аралығында тіркеусіз жүргені үшін тәркіленген.

Осы мерзімде 600 мопед жүргізушісі түрлі құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында жүргізуші куәлігінің болмауы, тротуармен жүру, басымдық ережелерін сақтамау секілді жағдайлар бар. Ең басты себеп — көлік құралын тіркемей басқару.

Алматыдағы жағдай

Алматыда мопедтерге қатысты талаптарды бақылау ауқымды сипатқа ие болды. Бұл қалада Қазақстан бойынша тіркелген мопедтердің үштен бірі есепке алынған. 5 сәуір мен 15 мамыр аралығында мұнда 3 600 скутер жүргізушісі айыппұл алған. 1 200 көлік айыптұраққа жеткізілген. Қала әкімдігі мұндай нәтижеге патрульдік қызметтердің бақылауды күшейтуі себеп болғанын айтады.

Мопедті тіркемегені үшін қандай айыппұлдар қарастырылған

Мопедті тіркемеген жүргізушілер айыппұлға немесе көлікті тәркілеуге тап болуы мүмкін. Мысалы, тіркеусіз скутер басқарғаны үшін — 39 320 теңге (10 АЕК), ал жалған нөмір таққаны үшін — 58 980 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады.

ІІМ өкілдері мопедті тіркеу процедурасы аса көп уақыт алмайтынын айтады. Бұл қызмет қалалық және аудандық мамандандырылған ХҚКО-ларда көрсетіледі. Ол үшін жеке куәлік пен көлікке қатысты құжаттарды ұсыну, скутерді техникалық байқаудан өткізу және мемлекеттік баж салығын төлеу жеткілікті.

Полицияның мәліметінше, айыптұраққа жеткізілген мопедтердің көпшілігі тек тіркеусіз ғана емес, иелері жүргізуші куәлігінсіз жүрген.

Бұған дейін «Курсив» ІІМ тарапынан мопедпен жүргізуші куәлігінсіз және нөмірсіз жүргендерге жаза қолданылатыны туралы ескерту жасалғанын хабарлаған. 5 сәуірден кейін мұндай заң бұзушылықтар үшін жазадан құтылып кету мүмкін емес екені ескертілген болатын.

Қазіргі уақытта Алматы қаласында «Құқықтық тәртіп» және «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында мопедтер мен самокаттардың пайдалану ережелерінің сақталуын қадағалауға бағытталған рейдтер белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз