Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу 1 маусымда басталады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуге тиіс / Фото: kursiv.media архиві

1 маусымнан бастап pkrezerv.gov.kz сайтында Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдау басталады. Қабылдау бір ай бойы жалғасады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі хабарлады.

Үміткерлер 35 жастан аспауға тиіс, Қазақстан азаматы болуы, жоғары білімі, белгілі бір жұмыс өтілі, сондай-ақ қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес болуы шарт.

Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуге тиіс.

Кандидаттарға дербес нөмірлер беріледі, бұл – дербестендіру мақсатында жасалады. Құжат тапсырған үміткерлердің жартысы – ең жоғары балл жинағандар – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтайтын тестілеуге жіберіледі.

Ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі – кандидаттардың таңдаған салалық бағыттарына байланысты нақты проблемаларды шешу бойынша ұсыныстарын бағалауға бағытталған. Бұл кезең онлайн-режимде эссе жазу форматында өтеді.

Ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат – офлайн форматта. Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында өтетін бұл кезеңде үміткерлер мінез-құлық индикаторлары және кәсіби құзыреттер бойынша топтық және жеке тапсырмалардан өтеді. Онлайн форматтағы жеке сұхбат кәсіби HR-менеджерлермен өткізіледі.

Сараптамалық комиссиямен әңгімелесудің нәтижесінде ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын 100 кандидаттың тізімі жасалады. Осы комиссия 50 кандидатты резервке қабылдау туралы шешім шығарады.

 «2019, 2021 және 2023 жылдардағы іріктеулерге 60 мыңнан астам қазақстандық қызығушылық танытты. Нәтижесінде 400 адам резервке қабылданды. Бүгінде олардың 318-і жауапты лауазымдарға тағайындалған: 167 адам орталық мемлекеттік органдарда, 37-сі жергілікті атқарушы органдарда, 62-сі ұлттық компанияларда қызмет атқарады. 39 резервист саяси лауазымдарға, үшеуі «А» корпусының лауазымына, екеуі мәжіліс депутаты, біреуі мәслихат депутаты болып тағайындалды», – делінген агенттік таратқан мәліметте.

Құжаттарды қабылдау – 1-30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz ресми платформасында онлайн режимде жүзеге асырылады. 

Сондай-ақ оқыңыз