
Соңғы уақытта алаяқтар заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланып алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тапқан. Тіпті қазақша сөйлейді.
Polisia.kz алаяқтар банк, құқық қорғау органдары немесе туыс адамдардың атынан хабарласып, шынайы адамның дауысын дәл салып, сенімге кіруге тырысатынын айтады.
Deepfake технологиясын қолдана отырып, танымал тұлғалардың немесе жақын адамның бейнесін шынайы етіп жасап, бейнеқоңырау шалу арқылы алдайды. Мұндай әдістерді қолдану – адам психологиясына әсер етіп, тез шешім қабылдауға мәжбүрлейді.
«Полиция қызметкерлері күмән тудыратын хабарламалар мен қоңырауларға аса мұқият болуға кеңес береді. Эмоциясыз дауыс, қисынсыз сөйлемдер мен асығыс әрекетке итермелейтін сөздер – алаяқтардың айқын белгілері», – деп ескертеді құзырлы орган.
Полиция өзін кім ретінде таныстырғаны қарамастан, телефон арқылы хабарласқан адамға жеке деректеріңізді – ЖСН, банк шоты, құпиясөздер мен SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге бермеуге шақырады. Әрі ақпаратты тек ресми және расталған дереккөздерден алуға үндейді.
Бұған дейін, алаяқтар емхана, коммуналдық қызмет мамандары ретінде хабарласатын схемаға көшкенін жазғанбыз.