Жаңалықтар

Mangystau Future 2025: Ақтауда инвестициялық форум өтті

Ақтауда Mangystau Future 2025 инвестициялық форумы өтті
Mangystau Future 2025: Ақтауда инвестициялық форум өтті/Фото: Туризм индустриясы комитеті

Маңғыстау облысында Mangystau Future 2025 атты өңірлік инвестициялық форум өтті. Іс-шара кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру және туризм саласын дамыту мәселелеріне арналды.

Форум өңірлік отандық тауар өндірушілердің өнімдері ұсынылған көрмемен ашылған. Қатысушылар жергілікті кәсіпкерлердің жетістіктері мен мүмкіндіктерімен танысты. Жиын барысында қатысушылар баяндама жасап, «сұрақ-жауап» форматында ашық диалог ұйымдастырылды. Сонымен қатар белсенді кәсіпкерлерге алғыс хаттар табысталды.

«Бұл форум өңір үшін өте маңызды. Маңғыстау – Каспий теңізі жағалауындағы бірегей табиғи және мәдени ресурстарға ие, стратегиялық маңызы бар аймақ. Өңір туризм мен инвестиция тартудың басым бағыттарының қатарына кіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында туристік дестинацияларды дамытудың маңызын атап өтті, оның ішінде Маңғыстау облысы ерекше маңызға ие», – деді форумға қатысқан ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Форумға бұдан бөлек Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы, ҚР Бас прокуратурасы, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдері, сондай-ақ 50-ден астам инвестор мен 100-ден астам кәсіпкер қатысқан.

Форум аясында 2025–2029 жылдарға арналған Маңғыстау туристік өңірін дамыту жөніндегі кешенді жоспардың әзірлену барысына ерекше назар аударылған. Бұл жоспар қазіргі заман талабына сай, инвесторлар мен туристердің сұранысын қанағаттандыратын бәсекеге қабілетті инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді.

Айта кетейік, 2025 жылғы қаңтар–сәуір айларында Қазақстан экономикасына 4,4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Оның ішінде Мағыстау облысында негізгі капиталға салынған инвестиция 25%-ға өскен.