Ресейде жыл басынан бері қытай көліктерін сататын 213 орталық жабылып қалған

2025 жылдың алғашқы тоқсанында Ресейде қытай көліктерінің сатылымы күрт төмендеген. «Автостат» агенттігінің мәліметінше, сәуірде жаңа жеңіл көліктердің сатылымы былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 25,5%-ға азайған.
Ресей нарығы жыл басынан бері 25,4%-ға құлдыраған. Бұл жағдай халықтың төлем қабілетінің төмендеуімен, қымбат автонесиелер мен қоймалардағы көліктердің шамадан тыс көптігімен байланысты болып отыр.
Autonews сайты тек 2025 жылдың бірінші тоқсанында Ресейде Қытай көліктерін сататын 213 дилерлік орталық жабылғанын жазды. Ең көп зардап шеккендер қатарында Bestune, Kaiyi, Dongfeng және BAIC маркалары бар. Geely мен Exeed сияқты танымал маркалардың саудасы екі есеге азайып, қиын жағдайға тап болған.
Кімдер кетуі мүмкін
Сарапшылардың пікірінше, сатылым көлемі аз, танымал емес қытай көліктері Ресей нарығынан кете бастайды. «Авилон» компаниясының өкілі Ренат Тюктеевтің айтуынша, егер марка ай сайын 50–70 көліктен аз сатса, бұл дилер үшін тиімсіз. Ал 20–30 көлік сатқан жағдайда мүлде шығынға батады Жылына 5000 көлік сататын ірі ойыншылар әзірге нарықта қала береді.
«Рольф» компаниясының директоры Николай Иванов Kaiyi, Foton, Livan және SWM маркалары нарықтан кетуі мүмкін екенін айтқан. Себебі дилерлер табыс көрмесе, аталған маркалардан бас тарта бастайды.
Қазірдің өзінде қытай көліктерінің ішіндегі BAIC пен Kaiyi маркаларының сатылымы тоқтатылып, сайттардан алынып тасталған.
Сарапшылар Ресей автонарығында Қытай көліктері санының азаюы тұтынушылар үшін ауыр соққы болмайтынын айтады, себебі нарықта таңдау әлі де жеткілікті.
Бұған дейін, Қытай көліктеріне 5 жылдан кейін не болады туралы жазғанбыз.