Шымкентте 1 келілік шала туған сәбидің жүрегіне күрделі ота жасалды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Шымкентте 1 келілік шала туған сәбидің жүрегіне күрделі ота жасалды
Шымкентте 1 келілік шала туған сәбидің жүрегіне күрделі ота жасалды

Шымкент қалалық перинаталдық орталығында салмағы небәрі 1 келі болатын бір жарым айлық сәбидің жүрегіне күрделі операция сәтті жасалды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

25-аптада дүниеге келген нәресте наурыз айының басында орталықтың жаңа туған балалардың қарқынды терапия бөлімшесіне жеткізілген. Оның салмағы небәрі 655 грамм, бойы – 28 сантиметр болған. Зерттеп-қарау нәтижесінде дәрігерлер «ашық артериялық өзек» (туа біткен жүрек ақауы) диагнозын қойып, оған қоса респираторлық дистресс-синдромды анықтаған.

Сәбидің жағдайы аса ауыр болғандықтан, ол бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Диагноздың күрделілігіне байланысты перинаталдық орталықтың дәрігерлері бірнеше рет қаладағы кардиохирургтармен кеңескен.

Сәбиге 45 күн толып, салмағы 1 келіге жеткенде, дәрігерлер жүрегіне операция жасау туралы шешім қабылдаған. Ашық артериялық өзекке жасалған күрделі және аса дәлдікті қажет ететін операция сәтті өткен.

Операцияны Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының кардиохирургі Асан Жұманов пен Шымкент қалалық перинаталдық орталығының анестезиолог-реаниматологы Ақжол Әбдірайымов жасаған.

Қазіргі таңда сәбидің жағдайы тұрақты ауыр. Ол перинаталдық орталық бас дәрігерінің неонаталдық қызмет жөніндегі орынбасары Гүлмира Будукова мен неонатолог-реаниматолог Ерасыл Шәбетов бастаған неонаталдық реанимация бөлімшесі дәрігерлерінің тұрақты бақылауында.

Бұған дейін, Шымкент дәрігерлері қарулы шабуылда жарақат алған қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке сәтті ота жасаған.

Сондай-ақ оқыңыз