Slow Living: асықпай, аптықпай өмір сүру қалай сәнге айналып келе жатыр

Жарияланды 17 Мамыр 2025 18:07

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Фото: shutterstock

Қазір жылдамдық заманы дегенді жиі естиміз. Яғни табысқа жету үшін тынбай жұмыс істеп, жүгіру керек деп жатады. Бірақ соған қарама-қарсы түсінік — асықпай өмір сүру тренді де қатар еніп келе жатыр. Мұны жай тренд деп емес, әжептәуір өмір салты десек болады. Бір қызығы, солай асықпай өмір сүріп жүргендердің жұмысы өнімдірек жүреді екен. Олай болса, асықпағанның уақыт пен өмірді қабылдауға қалай әсер ететінін талдап көрелік. Бүгінгі материалымызда баяу өмірдің басты аспектілеріне тоқталамыз.

Баяу өмір феномені: бәрі қарсылықтан басталады

Баяу өмір (Slow Living) деп жылдам ритмнен бас тартып, асықпай өмір сүруді ғана айтпаймыз. Оның астарында одан да терең, саналы таңдау жатыр. Яғни өмірдің әр сәтін сезініп, аптықпай, егжей-тегжейіне дейін мән беретін әдет қалыптасады.

  • Бәрі қалай басталғанын айтайық. Баяу өмір концепциясы Италияда бастау алған. 1986 жылы фастфудқа қарсы Slow Food ұйымы құрылды. Кейін ол қозғалыс тамаққа ғана емес, өмірдің басқа аспектілеріне де тарала бастады. Сөйтіп  Slow Fashion, Slow Travel, Slow Parenting пайда болды.

Басты қағидалары:

  • Әр детальға мән береміз
  • Қоршаған ортаны аялап қараймыз
  • Санды қумаймыз, сапаға қараймыз
  • Өзімізге және жақындарымызға көңіл бөлеміз

Мысалы:
Скандинавия елдерінде бүгінде «Лагом» (шведтердің концепциясы), «Хүгге» (даттардың концепциясы) сияқты философия жақсы қалыптасқан. Осы ұстанымдардың арқасында олар кішкентай нәрсенің өзіне қуана алады, әр сәттен рахат алады.

Қарқынды баяулату неге сәнге айналып жатыр?

Айнала цифрланып жатыр. Ақпараттық шу көп. Мұндайда адамдар уақытты бақылауда ұстаудың жолдарын іздеп кетеді. Міне, сондайда баяулау керек деп шешеді. Бұл сондай бір күйзеліс пен эмоциялық қажуға қарсы «антидот» іспеттес.

  • Психологиялық саулық үшін керек:
    Табысқа жетемін деген бітпейтін талпыныстың соңы көбіне созылмалы шаршау мен мазасыздыққа әкеп соғады. Сол үшін үзіліс алып, адам баяулауы керек. Осылайша іштей балансты қайтарып, жаңадан орната аласыз.
  • Қаржылық еркіндікке қол жеткізесіз:
    Тұтынушылық талпынысқа қарағанда баяу өмірде бәрін саналы тұтынасыз. Әлдебір уақытша әсер үшін ақша құртпайсыз. Бәрін ойланып барып істейсіз. Осылайша үнемдеп ғана қоймай, өмір сапасын да көтересіз.
  • Экологиялық тұрғыдан жақсы:
    Баяу өмір табиғатқа мейіріммен қарауды үйретеді. Керек емес затты ала бермейсіз, табиғи материалдарды ғана қолданасыз, көмірқышқыл ізді азайтасыз.

Өмірді қалай баяулатуға болады?

Мұндай баяу өмір салтына көшу үшін уақыт пен саналы шешім керек. Яғни бір күні таңертең тұрып бастап кету қиын. Бірақ біртіндеп енгізе аласыз. Ол үшін мына қадамдарды жасап көріңіз:

Уақытты жоспарлаңыз:

  • Баяулатуға баулитын күнделік бастаңыз. Ол жерде уақытыңызды не нәрсеге жұмсайтыныңызды жазасыз. Соның ішінде қай шаруа сізге шын ләззат сыйлайтынын анықтаңыз.
  • Серуендеуге, ойлануға, оқуға арнайы уақыт бөліңіз.

Дижитал детокс жасаңыз:

  • Телефонда келетін хабарламаларды өшіріп қойыңыз. Керек емес қолданбаларды өшіріп тастаңыз.
  • Гаджеттерді түгел өшіріп тастайтын уақыт белгілеп қойыңыз.

Әр сәтке мән беріп үйреніңіз:

  • Тыныс жаттығуларын жасап жүріңіз.
  • Ұсақ-түйектерге мән беріп үйреніңіз. Тамақтың дәмін, матаның текстурасын, көшедегі иістерді сезініңіз.

Перфекционизмнен бас тартыңыз:

  • Мінсіз боламын деп тыраштанғанды қойыңыз.
  • Нәтижені қуаламай, процесске назар салып үйреніңіз.

Сәтті кейстер мен үлгілерге шолу

  • Лоранс Мари,  Slow Living Paris негізін қалаушы:
    Сән индустриясында 15 жылдай жұмыс істеген соң, Лоранс Парижден көшіп, Прованстан шеберхана ашады. Ол қазір өңделген материалдардан жиһаз жасайды, адамдарға баяу өмір сүрудің қыр-сырын үйретеді.
  • Калифорниядағы отбасылық Ojai Valley Inn фермасы:
    Бұл ферма-қонақүйге келгендер демалып қана қоймайды, баяу өмір салтын сезініп көреді. Орманды аралап серуендейді, таң ата йогамен айналысады, бау-бақшамен айналысады.
  • Жапониядағы Slow Travel жобасы:
    Туристер саналы саяхатқа бағытталған турлар таңдай алады. Осылайша олар жергілікті салт-дәстүрлермен танысады, шеберлік сабақтарына қатысады, ескі храмдарды аралайды, серуендейді.

Баяу өмір салтын бизнеске де енгізуге бола ма?

Бір қызығы, бизнес деп тек тоқтамайтын конвейерді елестетуге болмайды. Баяу өмірді бизнеске де енгізсе болады. Егер Slow Living философиясын компания өзіне енгізсе, онда мынадай артықшылықтары бар:

  • Адал клиенттер базасы қалыптасады: Саналы тұтыныстың астарында сенім жатады. Яғни қазір адамдар сапалы, экологияға қамқорлықпен қарайтын брендтерге көбірек сенеді, соларды таңдайды.
  • Қызметкерлерде күйзеліс аз болады: Баяу жұмыс практикасын енгізген компанияда (үзілістері бар, ыңғайлы жұмыс кестесі жасалған) өнімділік жоғарырақ болады.
  • Креатив көтеріледі: Баяу өмірдің бір жақсысы — адамда шығармашылық шабыт ашылады. Ми жаңа идеялар ойлап таба бастайды.

Баяу өмірге көшу неге қиын һәм бұл жолда қандай мәселелерге тап болуыңыз мүмкін?

  • Мүмкіндіктерді жіберіп аламын деген қорқыныш болады. «Не нәрсенің де тез болғаны жақсырақ» деген ұғым қалыптасқан қоғамда баяу өмір сүретіндерді артта қалғандар деп ойлауы мүмкін.
  • Айналадағы қысым жасауы мүмкін. Жаныңыздағылар сіздің бұл таңдауыңызды дұрыс түсінбеуі ғажап емес. «Қалыпты өмір ритмінен неге бас тарттың?» деп жиі сынайтын болады.
  • Қаржылай мәселелер туындайды. Кейде баяу өмірге көшудің астарында қаржылай қиындық жатады. Оған қосымша шығын кетуі мүмкін. Мысалы, тұрақты жұмыстан бас тартып қала сыртынан көшетін болсаңыз, бұл әжептәуір челленжге айналады, солай емес пе?

Баяу өмір дегенде ойыңызға еріншектік не амбициялардан бас тарту келмесін. Мұндағы басты идея бұл емес. «Слоу ливиң» дәл қазір, дәл осы жерде өмір сүре алатын, қазіргі сәтін бағалайтын, содан ләззат алатын қасиетті қалыптастыруға шақырады. Қалыптасып қалған таптаурындарды бұзады. Жылдамдық әбден нормаға айналған әлемде баяу өмір салтын ұстануды уақыттың құнын білетіндер ғана қабылдай алады. Бірден енгізбесеңіз де, біртіндеп қадам жасап көріңіз. Алдымен телефоныңызды бір сағатқа өшіріп қойыңыз, гаджетті үйге тастап, серуендеп келіңіз. Өзіңізбен өзіңіз жеке қалыңыз. Бәлкім, сол кезде нағыз сәттің рахатын сезінерсіз.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін өзін басқаларымен салыстырмай өмір сүргісі келетіндерге кеңестер әзірлеген едік. 

Сондай-ақ оқыңыз