Lifestyle

Саяхаттап жүріп қалай ақша табуға болады

Фото: kursiv.media архивінен

Cаяхат — шығын. Оған көп ақша керек. Бәріміз осы ойға үйренгенбіз. Көбі сол үшін саяхаттағысы келсе де, арманын кейінге ысырып, үйден ұзап шыға алмайды. Бірақ әлемде full time (үздіксіз cаяхаттайтын) саяхатшы көп. Олардың көбі онлайн жұмыс істейді немесе мүлде жұмыссыз. Бірақ үнемі бір елден екіншісіне көшіп, жылдар бойы әлем аралап жүреді. Олар мұны қалай жасайды? Тұрақты жұмысы жоқ адам саяхаттай ала ма? 

Иә, өйткені олар саяхаттап жүріп ақша табады. Бүгінгі материалымызда осылай жолда жүріп, табыс табудың бірнеше әдісін бөлісеміз:

1. UGC криейтор болу

UGC (user generated content — қолданушылар жасаған видео) — кез келген адам белгілі бір тауар немесе қызмет түрі жайлы пікірін бөлісетін фото/видео контент. Кәсіби жарнама өндірісі қымбат тұрады, сондықтан брендтер көбіне қарапайым қолданушылармен жұмыс істегенді дұрыс көреді. Осылай саяхатшы, тревел контент криейторлардың басым көпшілігі UGC арқылы табыс табады. 

Фото: web-promo.ua

UGC қалай жұмыс істейді?

Тұтынушылар компания жарнамасына қарағанда, сол тауарды немесе қызметті қолданып, нәтижесін көрген адамдардың пікіріне көбірек сенеді. Сондықтан кейінгі кездері UGC нарығы қарқынды өсіп келе жатыр. Мәселен, Apple Iphone көмегімен кәсіби камераға түсірілгендей шедевр фото/видео жасаған автордың жұмысын өз парақшасына жариялайды. Apple компаниясы бұл сурет/видеоны UGC криейторлардан сатып алады. Тағы бір мысал: Gopro компаниясы жарнамасының негізгі дені камерамен биіктен секіріп, небір экстремалы трюктер жасаған, сол арқылы камера сапасын іспен көрсеткен адамдардың видеосынан тұрады. UGC дегеніміз — осы. Компаниялар криейторлардан осындай видеоларды сатып алып, өз парақшасына жариялайды, таргетке жарнама есебінде қолданады. 

UGC криейтор болу үшін не істеу керек?

Бір жақсысы, UGC бастау үшін әлеуметтік желілерде мыңдаған, миллиондаған аудиторияң болуы маңызды емес. UGC криейтордың инфлюенсерден (блогер) айырмашылығы — компания оған видеосы үшін ақы төлейді. Видеоға қаралым жинау, тауарды сату, аудиторияны қызықтыру сияқты қалған жұмыстың бәрі — компанияның мойнында. Криейтор тек тауар немесе қызмет түрі жайлы шынайы пікір жазып, шолу немесе креативті видео жасап береді. Сол үшін ақша алады. Ал видеоны ары қарай қалай пайдалану — брендтің жеке шаруасы.

UGC криейтор болу үшін Fiverr, Upwork сияқты платформаларға тіркеліп, профиль жасақтау керек. Брендтер мен әртүрлі компаниялар сізді сол жақтан табады. Әр контент үшін қанша ақы алатыныңызды өзіңіз белгілейсіз. Клиенттер платформада сіз жайлы пікір қалдырып отырады. Соған қарай, басқа компаниялармен де жұмыс істей бастайсыз. 

UGC — саяхаттап жүріп, ақша табуға өте жақсы құрал. Бір видео үшін 100 доллардан бастап, 500 долларға дейін табыс табуға болады. Жарнамалайтын тауар немесе қызмет түрінің көбі саяхатыңызды жеңілдетіп, ақшаңызды үнемдейді. Мәселен, UGC клиенттеріңіз қатарында қонақ үйлер, электронды сим-карталар, тревел қосымшалар болуы мүмкін. 

2. Қосымша дағды немесе хоббиді табыс көзіне айналдыру

Фото: freepik.com

Йоганы жақсы білсеңіз, сальса билей алсаңыз, гитара/укулеледе ойнасаңыз, сурет салуды жаныңыз сүйсе, үздік аспаз болсаңыз, жүзумен жылдар бойы айналыссаңыз және осы сияқты басқа да іске жарайтын дағдыларыңыз болса, оларды саяхатта табыс көзіне айналдыруға болады. 

Әр елде хостелдер, қонақүйлер, гестхаустар, фитнес залдар, жағажайлар, әртүрлі шаралар өткізетін коворкинг немесе дәмханалар бар. Әдетте хостел/қонақ үйлер қонақтарына йога, би, пилатес сабақтарын ұсынады. Оларға осындай әртүрлі дағдыларды үйретіп, шеберлік сыныптарын өткізетін адамдар үнемі керек. Өзіңіз саяхаттап жүрген қалада қолыңыздан келетін кез келген істі пайдаға жарату жолын қарастырып көріңіз. Қабырғаға әдемі суреттер салуға ынтаңыз болса, дәмхана, гестхаустарға ұсыныс жасаңыз. Жақсы жүзе алсаңыз, жағажайларда құтқарушы боп маусымдық жұмыс істеп көріңіз. Жылдар бойы бимен айналыссаңыз, саяхатшылар мен туристер көп жиналатын орындардың бірімен аптасына 2-3 рет кешкі би кештерін ұйымдастыруға келісіңіз. Туристік орындар үнемі қосымша пайда табу мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысады. 

Ескерту: йога, дайвинг сияқты кей салаларда жаттықтырушы болып жұмыс істеу үшін сізден сертификат сұрайды. Қазір әр дағды бойынша 3 күннен 2 апта, 1 айға дейінгі қысқамерзімді курстар көп. Оларды саяхаттап жүріп-ақ оқып алуға болады.

3. Саяхатқа қатысты дижитал өнімдер жасау

Қазір өз бетінше, тиімді саяхаттағысы келетін адам көп. Сондықтан саяхаттап жүрген еліңіз жайлы авторлық гайдтар, пайдалы карталар жасаңыз. Ұшудан бастап, паспорттық бақылаудан өту, виза, тұратын жер, тамақтану орындары, қалалар арасында жүру, әдемі локациялар, лайфхактар мен кеңестер, жергілікті сим-карта, ақша үнемдеу жолдары сияқты жан-жақты гайд дайындап, өз тәжірибеңізді ақшаға сата аласыз.

4. Тревел инфлюенсер болу

Фото: shutterstock / ground picture

Instagram, Tiktok, Youtube, Threads, Telegram — қолжетімді платформаның бәрінде саяхат, сапардағы тұлғалық өзгеріс, басыңыздан өткен қызықтар мен қиындықтар, әр елдегі ерекшелік жайлы бөлісіп, өзіңізбен құндылығы, көзқарасы ортақ адамдардан community құрсаңыз болады. Кейін осы community-дің сізге сенімі табыс көзіне айналады. Мәселен, саяхат жайлы пайдалы кеңестер салып отыратын телеграм арна ашуға, видео влог жүргізуге, авторлық өнімдер сатуға, брендтермен коллаборация жасауға болады. Өйткені сіздің кез келген бастамаңызды қолдайтын, өзіңіз сияқты саяхатқа және оған қатысты өнімдерге қызығатын аудиторияңыз, сенімді қауымдастығыңыз болады.

5. Тілдер оқыту 

Фото: shutterstock / Song_about_summer

Онлайн тіл мектептерінде жұмыс істейтін мұғалімдер үздіксіз саяхаттауға жететін қомақты қаржы табады. Ағылшын тілін оқыту үшін TESOL/TEFL сияқты сертификат алу керек. Кәсіби біліктілігіңізді айғақтайтын сертификат болса, шетелдік ағылшын тілін үйрететін онлайн мектептерге түйіндеме жіберіп, интервьюден өтесіз. Бір мезетте әлемнің түкпір-түкпіріндегі әртүрлі мектептерге өтінім бере аласыз. Жұмысқа тұрған соң, сізге әлемнің кез келген бұрышында отырып, сабақ өтуге болады.  Ол үшін тұрақты, жылдам интернет ғана керек. Дәл осы сценариймен ағылшын ғана емес, басқа тілдерді де оқытып, ақша табуға мүмкіндік бар. Тіл эксперті ретінде әлеуметтік желіде шағын болса да, төлем қабілеті жоғары аудитория жинасаңыз, шетелдік платформаларға жүгінбей-ақ, студенттерді өз оқырмандарыңыздың арасынан жинай аласыз.

6. Фото/видео түсіру

Фото: shutterstock / Jirasak JP

Камерамен жақсы дос болсаңыз, фрилансерлерге арналған халықаралық платформаларға тіркеліп, Linkedin парақшаңызды дұрыс жүргізіп-ақ,  әр елден кәсіби фотограф/видеограф іздеген адамдарды табуға болады. Оффлайн коммуникацияға басымдық берсеңіз, саяхаттап жүрген еліңіздегі жергілікті бизнес, қонақ үй, инфлюенсерлер мен әртүрлі брендтерге ұсыныс жасап көріңіз. Әр елдегі колоритті түсіріп, әдемі суреттеріңізді сапалы фото/видео ресурстар сататын платформаларға жүктей аласыз. Еңбегіңізді ұнатқан адамдар сол жақтан еңбегіңізді ақшаға сатып алады. Сәйкесінше, сіз жұмысыңыздың арқасында саяхаттап жүріп, ақша табасыз.

7. Фрилансер болу

Фото: shutterstock / kitzcorner

Бұған қашықтан, онлайн жасалатын кез келген жұмыс жарайды. Жеке ассистент, монтажер, графикалық дизайнер, IT қызметкер, журналист, бизнес кеңесші — қазір кез келген жұмысты фрилансқа көшіруге болады. Икемді графикпен жұмыс тауып, әлемнің кез келген елінен жұмыс істеңіз. Сонда табыстан қағылмай, қалыпты өміріңізді де жалғастырасыз, саяхаттан да қол үзбейсіз.