Жаңалықтар

СІМ Мысыр әуежайында Қазақстан азаматының қаза тапқанын растады

Мысыр әуежайында Қазақстан азаматы қайтыс болды / Фото: kursiv.media архив

Мысыр әуежайында Қазақстан азаматы үстіне жарнама тақтайшасы құлап, қаза тапты. Бұл ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарына Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлаған.

«Кеше Шарм-эш-Шейх әуежайының ұшып шығу аймағында жарнама тақтасы рейске отыруды күтіп тұрған жолаушылар үстіне құлады. Осы оқиғаның салдарынан Қазақстан азаматы қаза тауып, тағы екі отандасымыз жеңіл жарақат алды», – делінген СІМ хабарламасында.

СІМ мәліметінше, Мысыр тарапы Қазақстан азаматының қайғылы қазасына байланысты көңіл айтып, елдің Азаматтық авиация министрі оқиғаны жеке бақылауына алған. Бұл оқиғадан кейін жедел комиссия құрылып, әуежайда тергеу амалдары басталған. Смадияров бұл жағдай министрліктің ерекше қадағалауында болатынын мәлімдеген.

Еске сала кетсек, Мысырдың халықаралық әуежайында жаранама тақтайшасы құлап, ер адамның қаза тауып, екі әйелдің зардап шеккен айтылған болатын. СІМ қайтыс болған адамның әйел азаматы екенін нақтылады.