Спорт министрлігі марафон өткізуге қатысты бұйрыққа өзгеріс енгізеді

Жарияланды 19 Мамыр 2025 15:25

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Марафон өткізуге қатысты қандай өзгерістер болады/фото: samrukmarathon.kz

Алматыда сәуірде өткен жартылай марафон кезінде екі қатысушының қаза тапты. Содан кейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жарысты ұйымдастыру тәртібіне өзгеріс енгізілетінін мәлімдеген. KursivMedia министрлікке ресми сауал жолдап, қандай өзгерістер болатынын нақтылады.

Берген жауабында министрлік әуелі Алматыдағы марафонды кім өткізгеніне тоқталған. Хабарлауынша, Almaty Half Marathon іс-шарасын «Бірінші болу батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған. Жарыс жергілікті атқарушы органның келісімі бойынша өткізілген.

«Министрлік марафонда болған қайғылы жағдайға байланысты қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту мақсатында «Спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» бұйрыққа өзгерту енгізуді жоспарлап отыр», – деп жауап берген ведомство.

Бұл – ішкі істер министрінің 2017 жылғы 1 қаңтардағы №1 және мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 17 қаңтардағы №9 бірлескен бұйрығы. Құжатта «Бұқаралық іс-шараны ұйымдастырушы қоғамдық тәртіпті сақтауды, көрермендердің қауіпсіздігін, өрт және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін, жазатайым оқиғалар кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ететін шараларды және төтенше жағдайлар туындаған кезде эвакуациялау тәртібін көздейді» деп жазылған.

Сондай-ақ министрлік Денсаулық сақтау министрлігіне тиісті ұсыныстар беру бойынша сұрау салған.

Әзірге бұйрық жобасы жарияланған жоқ.

«Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында және министрліктің ресми сайтында жарияланады. Ұсынылып отырған өзгерістер бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізудің шарттарын күрделендіруді немесе қосымша әкімшілік кедергілерді енгізуді мақсат етпейді. Министрлік бұқаралық спорттың қолжетімділігін сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының арасындағы орынды тепе-теңдікті ұстанады», – деп жауап берді министрлік.

Жаңа өзгерістер іс-шараға қатысатындардың өмірі мен денсаулығына басымдық беруге бағытталмақ.

Айта кетейік, 2025 жылдың 1 маусымында Астанада Astana half marathon 2025 марафоны өтеді. Мұнда 10 шақырым, 21 шақырым 95,5 метр және 10 шақырымға скандинавиялық жүріс қашықтығы бар. Қатысу жарнасы – 16 000 теңге. Қатысушылар жасы 15‑17, 18‑34, 35‑39, 40‑49, 50‑59, 60‑69, 70+ деп бөлінген.

Қатысушылар 10 шақырымды 2 сағатта жүгіріп өте алады. Қатысу жарнасы – 16 000 теңге.

Ал 21 км 97,5 метрді 3 сағат ішінде жүгіріп өтуге тиіс. Қатысу жарнасы – 16 000 теңге.

Скандинавиялық жүріс (10 км) үшін 2 сағат берілген. Қатысу жарнасы – 14 000 теңге.

21 км 97,5 метр эстафетасына да 3 сағат берілген, командада 4 адам болады, құны – 160 000 теңге. Экиден командалық эстафетасына қатысу үшін команда құрамында кем дегенде бір әйелдің болуы керек.

Сондай-ақ оқыңыз