«Сағаттап ұрып-соққан». Танысын аса қатігездікпен өлтірген екі адам 17 жылға сотталды

Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты танысын аса қатыгездікпен өлтірген Рудный қаласының екі тұрғынына қатысты үкім шығарды.
Сотталушылар адамдар тобы болып аса қатігездікпен басқа адамды өлтірді(ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 5, 7 тармақтары) деп айыпталған.
Оқиғаның мән-жайы
2024 жылғы 20 желтоқсанда кешкі уақытта Рудный қаласында марқұм М. мен айыпталушылар К. және Н. спирттік ішімдік ішіп отырып жанжалдасып қалған. Жанжал барысында К. мен Н. танысын бірнеше сағат бойы аса қатыгездікпен ұрып-соғып, көптеген дене жарақаттарын салған. Соның салдарынан М. оқиға орнында қаза тапқан.
Тараптардың ұстанымы
Мемлекеттік айыптаушы әрбір айыпталушыға жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтей отырып, 19 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды сұраған.
Айыпталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған істеріне өкініш білдіріп, жәбірленуші тараптан кешірім сұраған, марқұмның анасының талап арызын ішінара мойындаған.
Көзделген жаза
ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі бойынша сараланатын қылмыс 15 жылдан 20 жылға дейінгі жазаны немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.
Сот айыпталушылардың қылмысты мас күйінде жасағанын жауаптылығын ауырлататын жағдай ретінде таныған.
Ал жеңілдететін жағдай ретінде олардың шын жүректен өкініш білдіруі, сондай-ақ Н.-ның асырауында кәмелетке толмаған баласының болуын ескерген.
Сот үкімі
Сот талқылауының қорытындысы бойынша сот К. мен Н.-ны ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігінің 5), 7) тармақтарында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына 17 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, сот жәбірленуші тараптың талапарыздарын ішінара қанағаттандырды. Осылайша, екі сотталушыдан марқұмның анасы мен әжесінің пайдасына моральдық зиян, материалдық шығын және өкіл қызметтеріне төленген шығындар үшін 24 483 000 теңге сомасында қаражат өндірілген.
Сондай-ақ бүгін бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа сот үкімі шыққан. Аса iрi мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алды деп айыпталған ол 3 жылға бас бостандығынан айырылған.