
Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы университет басшысы сыбайластарымен бірігіп, 256 млн теңгені жымқырған. Бұл ақшаға олар шаһардың орталығынан зәулім коттедж бен қымбат көлік сатып алған.
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, Оңтүстік Қазақстан университетінде аса ірі көлемде ақша жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталған.
Тергеу материалдарына сәйкес, университет жалған келісімшарттар арқылы 256 млн теңгені мердігер ұйымдарға аударған. Бұл келісімдер қызмет көрсету, құрылыс-монтаж жұмыстары мен тауар жеткізуге қатысты болғанымен, іс жүзінде ешқандай жұмыс атқарылмаған.
Құжаттарды рәсімдеуде жалған актілер пайдаланылған. Ал ақша басшылармен байланысы бар компаниялардың шотына түсіп, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған. Тергеушілер бұл қаражаттың нақты қайда жұмсалғанын да анықтаған.
Бұл ақшаға не сатып алынған?
Күдіктілер ұрланған ақшаға алты қымбат автокөлік – соның ішінде Mercedes-Benz S-класс, Lexus LX570 және басқа да көліктерді сатып алған. Бұдан бөлек, Шымкент қаласының орталығынан құны 254 млн теңге тұратын элиталық коттедж де алынған.
Қазіргі таңда бұл мүлікке соттың санкциясымен бұғат (арест) қойылды.
Кімдер күдікке ілінді?
Іс бойынша бірнеше лауазымды тұлға күдікті деп танылған: университет ректорының міндетін атқарушы, қаржы департаментінің директоры әкімшілік департаментінің директоры және бірқатар мердігер компания басшылары.
Төрт күдікті үйқамаққа алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Бұған дейін бюджет қаржысынан 1,5 млрд теңге жымқырған Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы шенеунігі ұсталып, екі айға қамалды.