Металл шот пен ислам банкіндегі депозит: қандай жинақтарға кепілдік берілмейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
депозит
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда банкке ақша салған кезде, ол қаражаттың қауіпсіздігі туралы көп адам ойланады. Көп жағдайда, егер банк лицензиясынан айырылса, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) қарапайым салымшылардың ақшасын қайтарады. Бірақ бұл қорға бүкіл қаржы құралдары кірмейді. Қандай депозиттер қорғалмайтынын түсініп алған жөн.

Қор жеке тұлғалардың мерзімді, мерзімсіз және талап етілетін депозиттері, ағымдағы шоттардағы және төлем карталарындағы қаражат, және жинақ салымдарына кепілдік береді.

Егер банк жабылса, бұл қаражат жедел түрде қайтарылады. 2025 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Қордың арнайы резервінде 1,2 трлн теңге бар.

Қор қандай жинаққа кепілдік бермейді

Дегенмен банкке ақша салып, бірақ оны қор сақтамайтын жағдайлар бар. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры төмендегі қаржы құралдарына салынған ақшаға кепілдік бермейді:

  1. Ислам банктеріндегі депозиттер
    Ислам банктеріндегі салымдар ҚДКБҚ кепілдігіне кірмейді, өйткені олар шариғат қағидаларымен жұмыс істейді және міндетті кепілдік жүйесіне қатыспайды.
  2. Метал шоттар (алтын, күміс)
    Егер сіз банк арқылы алтын не күміс сатып алсаңыз, бұл инвестиция болып саналады. Банк жабылған жағдайда бұл шоттар қорғалмайды.
  3. Банктің депозит сертификаттары
    Бұлар – «депозит» деген аты болғанымен, іс жүзінде инвестициялық бағалы қағаздар. Сондықтан, егер банк жабылса, ақшаңыз қайтарылмауы мүмкін.
  4. Заңды тұлғалардың депозиттері
    Компаниялардың, ұйымдардың депозиттері қорғалмайды. Бірақ жеке кәсіпкерлер, адвокаттар, медиаторлар, нотариустар – жеке тұлға ретінде қорғалады.
  5. Банктің сейфінде сақталған заттар мен ақша
    Сейфке салған ақша, алтын немесе құжаттар депозит болып саналмайды, сондықтан қордың кепілдігі жүрмейді. Бірақ ол мүлікті банк жабылса да қайтарып беруі тиіс.

Егер банк жабылса, қор не істейді?

ҚДКБҚ жеке тұлғаларға тиесілі кепілдендірілген депозиттерді 6–8 жұмыс күні ішінде қайтара бастайды. Бұл – өте жылдам процесс.

Мысалы, Tengri Bank, Capital Bank Kazakhstan және AsiaCredit Bank жабылғанда, қор дәл осылай тез арада төлем жүргізген.

Қанша теңгеге дейін кепілдік бар?

Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы әрбір банктегі депозиттер бойынша кепілдік сомасы:

  • теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 миллион теңгені,
  • теңгедегі жинақ салымдардан басқа карточкалар, шоттар және депозиттер бойынша – 10 миллион теңгені,
  • шетел валютасындағы салымдар, карточкалар және шоттар бойынша – 5 миллион теңгені құрайды.

Егер сіздің бір банкте бірнеше депозитіңіз, оның ішінде жинақ салымы да бар болса, Қор ең көбі 20 млн теңгеге дейін ғана өтем төлейді. Сондықтан 20 млн теңгеден асатын соманы әртүрлі банкте сақтаған жөн.

Қарапайым қазақстандықтар үшін басты кеңес – ақшаңызды қай банкке, қандай өнімге салғаныңызды нақты біліңіз. Барлық депозиттерге қор кепілдік бермейді. Әсіресе, алтын шоттар, ислам қаржы құралдары мен депозит сертификаттары – тәуекелі жоғары өнімдер. Ең қауіпсіз нұсқа – қор кепілдігі бар теңгелік жинақ салымы.

Елімізде 30 жасқа дейінгі әрбір үшінші ер азаматтың банкте депозиті бар.

Сондай-ақ оқыңыз