Экономикаға қауіп төндіреді: сарапшылар жеке инвестицияның азайғанына алаңдап отыр

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 2025 жылы артып жатқанымен, жеке сектор белсенділігі төмендеп келеді. Halyk Financе сарапшылары бұл жағдай экономиканың ұзақмерзімді дамуына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді.
2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында Қазақстан экономикасына 4,4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Негізгі капиталға салынған инвестиция 13,7%-ға артқан. Бұл ресми статистикада оң динамика ретінде көрсетілуде.
Алайда сарапшылар нақты өсім мемлекеттік қаржыландыру есебінен ғана қамтамасыз етілгенін атап өтті. Егер бюджет қаражаты пен жеке құрылысшылардың шығынын есепке алмасақ, инвестиция көлемі 2,6%-ға қысқарған.
Жеке инвестициялар неге төмендеді?
Сарапшылардың мәліметінше, былтырғы төмен база биылғы өсімді жасанды түрде жоғарылатып көрсетіп отыр. Ең бастысы – мемлекеттік инвестициялардың үлесі 2,6 есе артып, жалпы көлемнің 22,1%-ын құрады (2024 жылы – 10%). Ал кәсіпорындардың өз қаражатынан салынған инвестициялар 76,3%-дан 66,2%-ға дейін азайған.
Тағы бір маңызды мәселе – қарыз қаражаттың жетіспеушілігі. Банк несиесі арқылы қаржыландырылған инвестициялардың үлесі небәрі 3,5%-ды құраған.
Қай компаниялар инвестиция салып жатыр?
Шағын кәсіпорындар – жалпы инвестиция көлемінің 54,3%-ын құрап, салымдарын 16,5%-ға арттырды. Ірі кәсіпорындар32,8% үлеске ие, бірақ инвестиция көлемі 3,9%-ға қысқарды.
Сарапшылар не дейді?
Halyk Finance мамандары инвестициялық теңгерімсіздік қаупі туралы ескертіп отыр. Олардың пікірінше, мемлекеттік қаржыға тәуелділік артқан сайын, жеке сектордың инвестициялық белсенділігі әлсірейді. Бұл – елдің бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақты дамуына ұзақмерзімді қауіп төндіреді.
Инвестицияның басым бөлігі – 66,2%-ы – жеке компаниялардың өз қаржысы. Бірақ былтыр бұл көрсеткіш 76,3% болған. Яғни кәсіпкерлердің өз қаражатына инвестиция салуы азайған.