Шариғат талаптарына сай: Қазақстандағы екі банк ислам ипотекасын іске қоспақ

Жарияланды
Business News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
Екі банк ислам ипотекасын қосады
Ислам ипотекасы қашан қосылады / Жанболат Мамышев, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанда исламдық қаржыландыру бағыты біртіндеп дамып келеді. Енді бұл нарыққа ипотека сынды маңызды өнім қосылуы мүмкін. 2025 жылдың соңына дейін Қазақстанда алғашқы ислам ипотекасы ұсынылады. Мұндай жоспарларын екі қаржы ұйымы – «Заман Банк» Ислам банкі» және Al Safi Bank растады.

Заман Банк исламдық ипотеканы сынақтан өткізіп жатыр

«Заман Банк» Ислам банкінің» басқарма төрайымы Гүлфайруз Асаеваның айтуынша, банк 2025 жылдың соңына дейін ислам ипотекасын іске қоспақ. Қазір банк автонесиелеу, тауарға ислам несие (мурабаха), әйелдер бизнесін қаржыландыру секілді өнімдерді сынақтан өткізіп жатыр.

«Біз автонесиелеу, тауарлық мурабаха, ислам ипотекаcы, әйелдер бизнесін қаржыландыру сияқты өнімдерді іске қосуға дайындалып жатырмыз. Қазір тест жүріп жатыр. Құдай қаласа, жыл соңына дейін осы өнімдер толық дайын болады», – деді Асаева.

Банк барлық қызметті онлайн ұсынуды жоспарлап отыр. Сол үшін арнайы платформа әзірленіп жатыр.

«Біз онлайн-платформа дайындап жатырмыз. Барлығы онлайн форматта өтеді», – деді ол.

Al Safi Bank те ипотека ұсынуға ниетті

Астана халықаралық қаржы орталығы аумағында тіркелген Al Safi Bank те исламдық ипотека енгізуді жоспарлап отыр. Банк әзірге негізінен шағын және орта бизнесті қаржыландырумен айналысады. Бірақ енді жеке клиенттерге де қызмет көрсету аясын кеңейтуді көздейді.

Банк басшысы Мирлан Таймурзаев исламдық лизинг және ипотека бағыттарын дамытуды жоспарлап отырғанын айтты.

«Біз өнімдер тізімін кеңейтіп, исламдық лизинг және ипотека ұсынғымыз келеді. Бірақ бұл үшін ұзақ мерзімді және арзан қаржыландыру көздерін табуымыз керек», – деді ол.

Оның айтуынша, ислам ипотекасы – ұзақ мерзімді өнім болғандықтан, оны іске қосу үшін арнайы қаржыландыру қажет. Сондықтан нақты іске қосу мерзімі әзірге белгісіз.

Халықтың ислами қаржы туралы білетіні аз

Гүлфайруз Асаева 2024 жылы жүргізілген сауалнама нәтижесіне сілтеме жасап, қазақстандықтардың тек 10%-ы ғана ислам банкингі туралы хабардар екенін айтты. Бұл – нарық үшін үлкен мүмкіндік.

«Халықтың 90%-ы исламдық қаржы құралдарын білмейді. Бұл біз үшін – жаңа бағытты дамыту мүмкіндігі», – деді ол.

Асаеваның айтуынша, банк жасанды интеллект арқылы клиенттерді бағалап, онлайн кеңес беру жүйесін де іске қоспақ.

Al Safi Bank шариғи ипотеканы қашан іске қосатынын нақты айта алмай отыр.
Өйткені бұл өнімнің іске қосылуы ұзақ мерзімді және арзан қаржыландыру табуға тікелей байланысты. Сондықтан қазір банк нақты мерзім жариялаған жоқ. Сонымен қатар Al Safi Bank-ті Қазақстанның Ұлттық банкі қадағаламайды және Ұлттық банк жүргізетін ресми банк статистикасына енбейді.

Ал Ұлттық банк дерегінше, исламдық банк ADCB пен «Заман Банк» Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер рейтингінде 20 ( активі 197,5 млрд теңге) және 21-орында ( активі 41,8 млрд теңге) тұр.

«Отбасы банк» те ислам ипотекасын қолға алады

2024 жылдың желтоқсанында «Отбасы банк» 2025 жылы исламдық ипотека енгізетінін хабарлады. Ол үшін банк Қазақстан құрылысшылар одағы және Ислам қаржы және бизнес қауымдастығымен (AIFB) меморандумға қол қойды. Құжаттың мақсаты – Қазақстанда ислам қаржы құралдарын, соның ішінде ипотеканы дамыту.

Бастапқы кезеңде тараптар Қазақстан заңнамасын зерттеп, қажет болса өзгерістер енгізеді және арнайы оқу семинарларын өткізеді.

«Al Hilal» ислам банкі 2018 жылдың қазанында Қазақстандағы алғашқы ислам ипотекасын іске қосты. Жаңа өнім шариғат қағидаларына сай әзірленіп, Алматы, Астана және Шымкент қалаларының тұрғындарына ұсынылды. Бұл ипотека арқылы тұрғындар үй сатып ала алды немесе бұрын басқа банктен алған ипотекасын қайта қаржыландыру мүмкіндігіне ие болды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қазіргі банктерге де исламдық қызмет көрсетуге рұқсат беруді жоспарлап отыр. Бұл – «исламдық терезе» форматы деп аталады. Яғни банк ішіндегі жеке бөлім ислам қағидаттарына сай қызмет көрсетеді.

 Осы ретте KursivMedia қандай банктер шариғат талаптарына сай өнім ұсынуға ниетті екенін сұрап көрген. Бірқатар банктер ислам шарттарына сай жұмыс істеуге байын болса, бірқатарының ондай жоспары жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз